Алаяқ өзін экономикалық тексеру қызметкерімін деп таныстырып, 25 миллион теңгені қалтасына басқан

Фото: Видеодан скрин
Шымкент қаласы бойынша Қаржы мониторингі агенттігінің департаменті өзін экономикалық тергеп-тексеру қызметінің қызметкерімін деп таныстырған алаяқты ұстады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
2025 жылы қыркүйекте өзін экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қызметкері ретінде таныстырған азамат жергілікті компаниялардың бірінің басшысын алдап, 25 миллион теңгесін алып алған. Алаяқ ақшаны медициналық мекемені тексерілуі жоспарланған субъектілер тізімінен алып тастауға жәрдемдесемін деген сылтаумен алған. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Қылмыстық процессуалдық кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді.
ОқыңызАгенттік азаматтарды сақ болуға, ақпаратты тек ресми дереккөздерден тексеруге және алаяқтардың арбауына түспеуге шақырды.
Егер осындай фактілерге тап болсаңыз, 1458 колл-орталығына қоңырау шалу немесе “АФМ Insider” Telegram-боты арқылы хабар беруді сұрады.
Бұған дейін қазақстандық әйел алаяқтарға сеніп, өзін құтқармақ болған полициядан қашқан еді.
Полицияның мәліметінше, 71 жастағы қала тұрғыны жинаған қаражатын алаяқтарға беріп қоя жаздаған. Оны терроризм ісіне қатысы бар деп қорқытып, депозиттегі ақшасын шешіп алуға мәжбүрлеген. Барлығы WhatsApp-тағы хабарламадан басталған.
Белгісіз “заңгер” өзін оның жұмыс орнынанмын деп таныстырып, әйелдің атына 3 миллион теңгеге виртуалды карта рәсімделгенін айтқан. Ақша іздеуде жүрген адамға аударылды деп, енді өзі күдікке ілінгенін жеткізген. Сөйтіп оны қорқытып, қаражатын “қауіпсіз шотқа” аударуға үгіттеген.
Зейнеткер банкке барып, 3,8 миллион теңгені шешіп алып, түбіртектердің суретін жіберген. Кейін сауда орталықтарының бірінде терминал арқылы ақша аудара бастаған. 500 мың теңгені жіберген кезде оны дүкен қызметкері байқап қалған.