Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық әйел алаяқтарға сеніп, өзін құтқармақ болған полициядан қашқан

Полицейлер әйелді құтқардыФото: Видеодан скриншот

Қостанайда зейнеткер әйел алаяқтардың арбауынан құтқарылды. Қаскөйлер оны 3,8 млн теңгені шешіп алуға көндірген. Алайда алғашқы 500 мың теңгені аударған сәтте дүкен қызметкері араласқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Полицияның мәліметінше, 71 жастағы қала тұрғыны жинаған қаражатын алаяқтарға беріп қоя жаздаған. Оны терроризм ісіне қатысы бар деп қорқытып, депозиттегі ақшасын шешіп алуға мәжбүрлеген. Барлығы WhatsApp-тағы хабарламадан басталған.

Белгісіз “заңгер” өзін оның жұмыс орнынанмын деп таныстырып, әйелдің атына 3 миллион теңгеге виртуалды карта рәсімделгенін айтқан. Ақша іздеуде жүрген адамға аударылды деп, енді өзі күдікке ілінгенін жеткізген. Сөйтіп оны қорқытып, қаражатын “қауіпсіз шотқа” аударуға үгіттеген.

Зейнеткер банкке барып, 3,8 миллион теңгені шешіп алып, түбіртектердің суретін жіберген. Кейін сауда орталықтарының бірінде терминал арқылы ақша аудара бастаған. 500 мың теңгені жіберген кезде оны дүкен қызметкері байқап қалған.

Қызметкер әйелдің біреумен сөйлесіп тұрып, ақша аударып жатқанын көріп, тоқтатуға тырысқан. Алайда зейнеткер оған мән бермей, кедергі жасамауды сұраған. Дегенмен ол полицияға хабар берген.

Киберқылмысқа қарсы қызметкерлер жедел жетіп, әйелді таксиде тоқтатқан. Сол сәтте алаяқтар оны басқа жерге апармақ болған. Әйел әлі де олардың ықпалында болып, полицияға сенбей, телефон арқылы нұсқауларды орындауды жалғастырған.

Оқиға куәгерлерінің айтуынша, ол өзін гипноздағыдай ұстаған. Жарты сағаттан кейін ғана өзінің алаяқтардың құрбаны болғанын түсінген.

Кейін зейнеткер “олар соншалық сенімді сөйлегендіктен, мен ондай заңгердің бар-жоғын тексермедім” деп айтқан.

Куәгерлер мен полицияның жедел әрекетінің арқасында 3,3 миллион теңге сақталып қалды. Алаяқтық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдіктілер іздестіріліп жатыр.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда жалғызбасты зейнеткер алаяқтарға сеніп, екі пәтерінен айырылғаны хабарланған еді. Былтыр мамырда зейнеткер Светлана Суходольскаяға өзін ҰҚК қызметкері ретінде таныстырған адам қоңырау шалып, алаяқтар оның ЭЦҚ-сына қол жеткізгенін айтқан. Белгісіз адам әйелді бүкіл мүлкінен айырылып қалуы мүмкін деп қорқытып, екі пәтерін шұғыл сатып, ақшаны "қауіпсіз жерге жеткіземіз" деген сылтаумен курьерлерге беруге көндірген.

Зейнеткер пәтерлерін сатып, қаражатты өз еркімен тапсырған. Алайда кейін әлгі адам байланысқа шықпай, әйел ақшасынан айырылған. Кейін бұл іске қатысы бар курьерлер ұсталып, олардың Қырғызстан азаматтары екені анықталды. Сот оларды 5,5 жылға бас бостандығынан айырып, келтірілген шығынды өтеуге міндеттеді. Алайда осы ірі алаяқтықтың негізгі ұйымдастырушылары бір жыл өтсе де табылмаған.

Балнұр Рахматуллақызы
Жұма, 17 Сәуір, 2026 12:56