Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда әуежай маңындағы қоқыс полигондары ұшақтарға қауіп төндіріп отыр

ұшақ
Фото: ChatGpt арқылы жасалды

Қазақстанның Авиация әкімшілігінің басшысы Майкл Дэниел әуежай маңындағы қоқыс полигондары авиация қауіпсіздігіне қатер төндіріп отырғанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Оның сөзінше, Атырау, Семей, Өскемен, Көкшетау, Балқаш және Үржар әуежайларының маңында орналасқан қоқыс полигондарына құстар көп қонады. Бұл өз кезегінде ұшақтардың құстармен соқтығысу қаупін арттырып, әуе компанияларының жұмысына шектеу қояды.

“2025 жылы ұшақтардың құстармен соқтығысуының 280 жағдайы тіркелді. Ал 2026 жылдың алғашқы тоқсанында 33 жағдай болды. Мысалы, Атырау әуежайының маңындағы қоқыс полигоны құстарды тартып, ұшу қауіпсіздігіне қауіп төндіріп отыр”, – деді Майкл Дэниел.

Сонымен қатар ол әуежай маңындағы жерлердің мақсатсыз пайдаланылып жатқанын және кедергілер саны көбейгенін айтты.

Мәселен, Алматы әуежайы аумағында 160-қа жуық, ал Шымкент әуежайының маңында 150-ден астам кедергі анықталған.

Бұл мәселелерді шешу үшін әуежай маңындағы аумақтарды аймаққа бөлу схемалары әзірленіп, әкімдіктерге жолданған. Алайда көп жағдайда бұл схемалар елді мекендердің бас жоспарларына әлі енгізілмеген. Соның салдарынан әуежай маңында жаңа нысандардың салынуы жалғасып жатыр.

Майкл Дэниел жергілікті атқарушы органдармен жұмысты күшейту ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды шарты екенін айтты.

Айта кетейік, бұған дейін Air Astana ұшағы дәретханалардың істен шығуына байланысты Пекинге шұғыл қонғаны туралы жазған едік.

Нұрила Жұмаділлә
Сейсенбі, 19 Мамыр, 2026 12:18