"Тері мен тыныс жолдарын күйдіреді": Алматылықтарға тауда гүлдеп тұрған қауіпті өсімдікке қатысты ескерту жасалды

Әлеуметтік желіде алматылықтарға қазір тауда гүлдеп тұрған қауіпті өсімдікке қатысты ескерту жасалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Желідегі талқылауға Алматы қаласының тұрғыны Threads желісіндегі жазбасы себеп болған. Желі қолданушысы қазір тауда күймесгүл (ясенец) гүлдеп тұрғанын, оның әдемі болғанымен, улы өсімдік екенін жазған.
"Химиялық күйік алуыңыз мүмкін. Бірден ештеңе сезілмейді, бірақ келесі күні көпіршіктер мен қызарулар пайда болады. Оның иісін иіскеу де қауіпті, тыныс жолдарын күйдіріп жіберуі мүмкін. Сондықтан бұл гүлді айналып өтіңіз", – деп жазды желі қолданушысы.
Іле-Алатау ұлттық паркі бұл өсімдіктің шынымен де қауіпті болуы мүмкін екенін растады.
"Әлеуметтік желілердегі ақпарат шындыққа толық сәйкес келеді. Іле-Алатау ұлттық паркінің аумағында таспажапырақ күймесгүл (Dictamnus angustifolius) кең таралған. Бұл – өте қауіпті улы өсімдік, оның гүлдеу кезеңі мамыр-маусым айларына сәйкес келеді", – дейді ұлттық парк өкілдері.
Мамандардың айтуынша, теріге тиген жағдайда және күн сәулесінің әсерінен бұл өсімдік күйікке ұқсас реакция тудыруы мүмкін.
Ұлттық парк өкілдері тыныс алу жолдарының күйіп қалуы мәселесі қатысты жағдайлар ғылыми еңбектерде сирек кездесетінін алға тартты.
“Иіскеу кезінде тыныс алу жолдарының күйіп қалуы” туралы ақпарат ғылыми дереккөздерде шектеулі түрде ғана расталады, алайда өсімдікпен жанасу және кейіннен күн сәулесінің әсері терінің зақымдануына әкелуі мүмкін", – делінген хабарламада.
Ұлттық парк өкілдері өсімдікке қатысты ерекше бір дерекпен де бөлісті. Эфир майларының көп болуына байланысты бұта отқа тез тұтанады, бірақ өзі толық жанып кетпейді.
"Адам терісіне тиген жағдайда ұзақ уақыт жазылмайтын тыртықтар (іздер) қалдыратын күйіктер пайда болады. Мал оны жемейді. Сондықтан ашық күн райында бұл өсімдікпен кез келген тері байланысынан аулақ болу қажет. Ұшпа майлардың көп болуына байланысты бұл өсімдік жақындатылған сіріңкеден-ақ лезде тұтанып кетуі мүмкін, алайда бұтаның өзі толық жанып кетпейді, халық арасында оны “күймейтін бұта” деп те атайды", – деп түсіндірді ғалымдар.
Ұлттық парк әкімшілігі түрындар мен туристерге мынадай кеңес берді:
- жабайы өсімдіктерге қол тигізбеу;
- белгісіз өсімдіктердің жанында ұзақ уақыт болмау және олардың иісін жақыннан иіскеуден аулақ болу;
- тауда серуендеу кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтау;
- белгіленген туристік маршруттармен ғана жүру.
Мамандар әдемі өсімдіктердің өзі де қауіп төндіруі мүмкін екенін еске салып, серуен кезінде мұқият болудың маңызды екенін атап өтті.
Еске салсақ, бұған дейін Алматыда балалардың Сайран көліне шомылуына байланысты ТЖД қала тұрғындарына ескерту жасаған еді.
"Жүрегім Қазақстан деп соғады": Елімізді ұнатып қалған үндістандық боксшы енді Қазақстан атынан сынға түспек
Оқыңыз