Қостанай облысында перзентханадан 141 миллион теңгенің медициналық жабдықтары ұрланған

Қостанай облыстық перзентханасында жөндеу жұмыстары кезінде жалпы құны 141 миллион теңге болатын медициналық жабдықтар ұрланған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Аурухананың бас директоры Асхат Өтебаев пен заңгер Ренат Бисенов аурухананың жөндеу жұмыстарын жүргізген "RAKADA GROUP" ЖШС-нен күдіктенетіндерін айтады.
Жабдықтар әлі табылмаған. Мемлекеттік мүлікті аса ірі мөлшерде жымқыру дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
"RAKADA GROUP" компаниясы Қостанай билігі мен денсаулық сақтау саласының шенеуніктерімен ұзақ уақыттан бері келіспеушілікте болған. Құрылыс компаниясы нысанды жөндеу және салу мерзімдерін бұзып, атқарылған жұмыстардың құнын арттыруды талап еткен көрінеді.
Алайда компания сотта бітімгершілік келісімге қол жеткізіп, 150 миллион теңге көлемінде аванс алғанына қарамастан, жұмыстарды орындамаған. Кейіннен келісімшарт бұзылып, 150 миллион теңге бюджетке сақтандыру компаниясы арқылы өтелген.
Заңгер Бисеновтің айтуынша, медициналық жабдықтың ұрлану дерегін Қостанай облыстық мәслихатының комиссиясы анықтаған. Аурухана директоры Асхат Өтебаев аппараттар мен олардың бір корпуста орнатылуы үшін толық төлем жасалғанын айтады.
"Олар жабдықты қайда жібергені (жасанды тыныс алдыру аппараттарына ауа беруге арналған арнайы консольдер, операциялық шамдар және т.б) белгісіз. Мүмкін, оны басқа ауруханаға орнатқан шығар, мүмкін, тауар үшін төлем жасалмаған жеткізушілерге қайтарып берген болар", – дейді Өтебаев.
Өңірлік полиция департаменті тергеу барысы туралы әзірге ешқандай ақпарат берген жоқ.
Еске салсақ, бұған дейін Алматыда полициядан қару ұрлаған қылмыстық топ мүшелері ұсталғаны туралы жазған едік
"Жүрегім Қазақстан деп соғады": Елімізді ұнатып қалған үндістандық боксшы енді Қазақстан атынан сынға түспек
Оқыңыз