ШҚО-да Қазақстандағы ең биік көпір ашылды
Шығыс Қазақстан облысында Пихтовка өзені арқылы өтетін жаңа көпір мен Тереңсай (Осинов) асуын айналып өтетін 12 шақырымдық жол пайдалануға берілді. Жаңа бағыт жүргізушілерге қауіпті тау серпантинін айналып өтуге мүмкіндік береді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, Пихтовка өзені арқылы өтетін, ұзындығы 175 метрлік көпір шатқалдан 45 метр биіктікте орналасқан. Бұл нысан Қазақстандағы ең биік көпір болып саналады.
Жаңа көпір мен 12 шақырымдық айналма жол Тереңсай асуындағы бұралаң әрі қауіпті тау жолын айналып өтуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде таулы аймақтағы қозғалыс қауіпсіздігі артып, жүргізушілердің жолға жұмсайтын уақыты қысқарады.

Туризмге де оң әсер етеді
Бұқтырма тасжолы Өскемен қаласын Алтай, Үлкен Нарын және Катонқарағай аудандарымен байланыстырады. Сондықтан жаңа жол учаскесінің ашылуы өңірдегі көлік қатынасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар айналма жол Шығыс Қазақстанның танымал туристік бағыттарына қатынауды жеңілдетеді. Атап айтқанда, Бұқтырма су қоймасына, "Катонқарағай" ұлттық паркіне және Рахман қайнарына баратын туристер үшін жол жүру әлдеқайда қолайлы болмақ.

Бұған дейін бұл бағыттағы қозғалысқа Тереңсай асуындағы күрделі әрі бұралаң тау жолы кедергі келтіріп келген.
Еске салсақ, бұған дейін Жетісу облысында 4,5 миллиард теңгелік жолдың асфальты үгітіліп, көпірдің темірі ажырап жатқаны туралы жазған едік.
Қазақстандық ер адам әлеуметтік желідегі пікірі үшін қамауға алынды: Жұбайы аккаунт жалған екенін айтып отыр
