Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Түркістандағы колледж студенттеріне 6,4 миллион теңгеге балалар ойыншығы сатып алынғаны күмән тудырды

LEGO жиынтығы
Фото: Видеодан скрин

Түркістан облысының Сарыағаш қаласындағы №12 колледжге кішкентай балаларға арналған робототехника жиынтықтары сатып алынғаны қоғамда сұрақ туғызды. Журналист Ләззат Асанова колледж студенттеріне мұндай жабдықтардың қаншалықты қажет екенін және бюджет қаржысының тиімді жұмсалған-жұмсалмағанын көтерді. Осыған байланысты Stan.kz редакциясы Түркістан облысының білім басқармасына ресми сауал жолдады.

Журналистің айтуынша, Сарыағаш қаласындағы №12 колледжге 6-8 жастағы балаларға арналған конструкторлар сатып алынған. Ол студенттерге мұндай жабдықтардың қаншалықты қажет екенін және бюджет қаражатының тиімді жұмсалғанына күмән келтірді.

Құжатта 4-6 жастағы балаларға арналған LEGO жиынтығы, 8 жастан бастап пайдаланылатын автомобиль моделі және 10 жастан бастап қолданылатын робототехника жиынтығы көрсетілген.

"Колледжде оқу 15 жастан басталады. Сонда 8 жастағы балаларға арналған мына конструкторларды студенттерге не үшін алып беріп жатыр? Болашақ мамандар заманауи кәсіби жабдықтармен жұмыс істеудің орнына балалардың ойыншығын құрастыруы керек пе? Бұл олардың білімін дамыту ма, әлде кері қадам ба?" – деп журналист сұрақ қойды.

Сонымен қатар Ләззат Асанова  құжатта 12 жиынтыққа 6 миллион 420 мың теңге жұмсалғаны, әрқайсысының құны 535 мың теңге екені көрсетілгенін айтады.

"Ал нарықтағы бағасы шамамен 250 мың теңге. Студенттерге кәсіби жабдықтардың орнына осындай конструкторларды ұсыну олардың сапалы білім алу мүмкіндігін шектемей ме? Тіпті болашағына жасалған қиянат емес пе? Колледж басшылығына осы сұрақтарды қойып отырмын. Мұның бәрі мемлекеттің ақшасы. Мәселе – ойыншықта емес, мемлекет қаржысының қаншалықты тиімді жұмсалғанында! Осыған байланысты Түркістан облысының білім басқармасы мен тиісті уәкілетті органдардан сатып алудың негізділігін, тауарлардың оқу бағдарламасына сәйкестігін және қабылдау құжаттарын тексеріп, қоғамға түсініктеме беруді сұраймыз", – деді Ләззат Асанова.

Түркістан облысының білім басқармасы редакцияның сауалына берген жауап берді.

"Қазір Түркістан облысының білім басқармасы тарапынан жұмыс тобы құрылып, зерделеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Соның нәтижесіне қарай Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес тиісті шешім қабылданады", – деп хабарлады ведомство өкілі Нұрлан Сұлтанбеков.

 

Айым Атамбаева
Жұма, 30 Қазан, 2026 17:54