Павлодар облысындағы ауруханада екі әйелдің жатыры алынып, бірі сәбиінен айырылған: Тексеріс заңбұзушылықтарды анықтады
Екі жылға жетпейтін уақыт ішінде Ақсу қалалық ауруханасында босанған екі әйелдің жатыры алынып, олардың бірі нәрестесінен айырылған. Әйелдер бұл жағдайларға дәрігерлердің салғырттығы себеп болды деп есептейді. Осы оқиғаларға қатысты Stan.kz редакциясы Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасынан түсініктеме сұрап, медицина қызметкерлерінің әрекетіне қандай баға берілгенін және жауаптыларға қандай шара қолданылғанын анықтады.
“Қанның атқылап жатқанын көрдім”
Павлодарлық әйел Ақсу қалалық ауруханасында екінші рет босанған. Оның айтуынша, екі жүктілігі де асқынусыз өткен. Алайда екінші жүктіліктің 38-аптасында жүргізілген ультрадыбыстық зерттеу кезінде нәрестенің жамбаспен жатқаны анықталған. Осыдан кейін акушер-гинеколог кесарь тілігі арқылы босандыру туралы шешім қабылдаған.
Кесарь тілігі 2026 жылғы 18 ақпанда сағат 20:10-да аяқталған. Операциядан кейін әйел босану бөліміне ауыстырылып, жеке бақылау бекеті ұйымдастырылған. Алайда оның сөзінше, алғашқы сағаттарда медицина қызметкерлері жағдайын бақыламаған.
"Отадан кейінгі алғашқы екі сағатта медбике менің жағдайымды бақылауы керек еді. Бірақ ол да, акушер де жаныма келген жоқ. Сөйте тұра, медициналық бақылау күнделігіне менің жағдайым туралы жазбалар қандай да бір жолмен толтырылып отырған. Түнде жаңа туған қызымның жылаған дауысынан оянып кеттім. Сол кезде тігісімнің тұсынан біртүрлі шолпылдаған дыбыстар естілді. Тігісіме не болғанын көру үшін видеоға түсіріп алдым. Сонда қанның атқылап жатқанын көрдім", – дейді әйел.
Әйелдің айтуынша, ол біраз уақыт бойы қоңырау шалып, айғайлап, қайта-қайта көмекке шақырғанымен, ешкім келмеген.
"Қансырап өліп қаламын ба деп қорқып, орнымнан тұруға тырыстым. Алайда есімнен танып, құлап қалдым. Ес-түссіз қанша уақыт жатқанымды білмеймін. Аяғымның өкшесі батареяның жанында қалып қойған екен. Соның салдарынан өкшем күйіп, күлдіреп қалды. Таңға жақын есімді жидым. Тағы да көмекке шақырып айғайладым. Ақыры әйел дәрігер келді. Жағдайымды қарап, медбикені шақырып, анализ алуды тапсырды да, кетіп қалды. Қалғандары да тарап кетті. Туыстарыма хабарласып, көмексіз қансырап жатқанымды айтқым келді. Бірақ бәрі ұйықтап жатқан еді", – деді ол.
Сарапшылардың қорытындысына сәйкес, кесарь тілігінен кейін әйелдің жағдайына тиісті медициналық бақылау жүргізілмеген. Атап айтқанда, қан қысымы, жүрек соғу жиілігі мен қандағы оттегі деңгейі қадағаланбаған. Қан жоғалту көлемі бақыланбай, операциядан кейінгі тігіс те жүйелі тексерілмеген.
2026 жылғы 19 ақпанда таңғы сағат 04:51-де алынған зертханалық талдаулар әйелде ДВС-синдромы дамығанын көрсеткен. Бұл – қанның ұю жүйесі бұзылып, тамырларда көптеген тромб пайда болатын, кейін қан ұю факторларының қоры сарқылатын өмірге қауіпті жағдай.
Қазақстан Республикасының 2023 жылғы 30 қаңтардағы №178 клиникалық хаттамасына сәйкес, босанғаннан кейінгі қан кету кезінде дәрігерлер қан кетуді дереу тоқтатып, қан құю шараларын бастауы керек. Нәтиже болмаса, шұғыл операция жасалуға тиіс еді. Алайда әйелдің айтуынша, түн ішінде бірнеше рет көмекке шақырғанына қарамастан, медицина қызметкерлері таңға дейін келмеген.
Таңғы сағат 08:00 шамасында перзентхана бөлімінің меңгерушісі жұмысқа келген. Сол кезде әйел ультрадыбыстық зерттеуге жіберіліп, қорытындыда құрсақ қуысында аз мөлшерде бос сұйықтық бары көрсетілген. Сонымен қатар оған қан жоғалту көлемін бақылауды қиындататын памперс кигізілген. Көп ұзамай ол қайтадан есінен танып қалған. Әйел бірнеше күннен кейін ғана кардиоорталықта есін жиған.
ДВС-синдромы диагнозы ресми түрде тек сағат 09:30-да қойылған. Әйел жансақтау бөліміне жеткізілгенімен, көп қан жоғалтқандықтан, оны бірден операцияға алу қауіпті болған. Алдымен қан құю басталып, облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас акушер-гинекологы мен анестезиолог-реаниматологы хабардар етілген. Сонымен қатар құрамында бейінді мамандар мен тамыр хирургі бар санитариялық авиация бригадасы шақырылған.
Сағат 11:50-ден 16:15-ке дейін жалғасқан екінші операция кезінде дәрігерлер әйелдің жатырын сол жақ қосалқыларымен және оң жақ жатыр түтігімен бірге алып тастаған. Сонымен қатар ішкі мықын артериялары байланып, құрсақ қуысына дренаж қойылған.
Операция барысында әйелдің құрсақ қуысында бұған дейін анықталмаған екі литр ұйымаған қан болғаны белгілі болды. Жаппай қан жоғалтудың салдарынан әйелде бүйрек пен бауыр жеткіліксіздігі, токсикалық кардиомиопатия, екіжақты гидроторакс, сепсис, ішекке қатысты асқыну, ауыр дәрежелі анемия және III дәрежелі геморрагиялық шок дамыған. Оның өміріне тікелей қауіп төніп, аман қалатынына күмән болған.
Жансақтау бөлімінен әйел кардиоорталыққа ауыстырылған. Кейін гемодиализ алған науқас бүйректерінің жұмысын қалпына келтіру үшін Павлодар қаласындағы №1 қалалық ауруханаға жеткізілген. Дәл осы жерде 29 жастағы әйелге жатырынан айырылғандықтан, енді бала көтере алмайтыны айтылған.
Осылайша, жаңа туған қызын бауырына басып, күтудің орнына әйелдің өзі өмірі үшін күресуге мәжбүр болды. Қазір ол ауыр асқынулардан зардап шеккен ағзаларының қызметін қалпына келтіруге тырысып жүр.
Медициналық құжаттарға қатысты да бірқатар сәйкессіздік анықталған. Атап айтқанда, әйел соңғы рет ультрадыбыстық зерттеуден 2026 жылғы 10 ақпанда өткен. Алайда медициналық құжатта тексеру күні 10 қаңтар деп көрсетіліп, бұл дерек кейінгі жазбаларда да қайталанған.
Ота алдында жүргізілген сынама нәтижесінде науқастың цефазолинге, ампициллинге және Цеф III тобының антибиотиктеріне аллергиясы бары анықталған. Соған қарамастан, іріңді-септикалық асқынулардың алдын алу үшін оған аталған үш антибиотик қатар тағайындалғаны айтылады.
Тексеріс дәрігерлердің қандай қателігін анықтады?
Әйелдің шағымынан кейін Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Павлодар облысы бойынша департаменті тәуелсіз сарапшыларды тарта отырып, ауруханада жоспардан тыс тексеру жүргізді.
Департаменттің ресми қорытындысында дәрігерлердің әрекетіне қатысты бірқатар заңбұзушылық анықталғаны жазылған.
"Тексеру барысында жатыр атониясы патологиясын дер кезінде анықтамау және дұрыс диагноз қоймау, сондай-ақ босанғаннан кейінгі ерте кезеңде Қапарова Д. Ж.-ның жағдайын тиісті деңгейде бақыламау және кезекші дәрігерлердің жатыр атониясы кезінде медициналық көмекті уақытылы көрсетпеу фактілері анықталды", – делінген департаменттің ресми қорытындысында.
Тексеру нәтижесінде медициналық көмектің уақытылы көрсетілмеуі жедел бүйрек жеткіліксіздігі мен ДВС-синдромы сияқты ауыр зардаптарға әкеп соққаны анықталды.
Тексеру материалдары тиісті шешім қабылдау үшін Павлодар облысының денсаулық сақтау басқармасына, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына және полиция департаментіне жолданды.
"Бірінші жағдай емес..."
Кесарь тілігінен кейін ауыр асқынулар туындап, әйелдің жатырын алып тастауға мәжбүр болған жағдай Ақсуда алғаш рет тіркеліп отырған жоқ. Бұдан екі жылға жетпейтін уақыт бұрын 36 жастағы тағы бір әйелдің де тағдыры күрт өзгерген. Бұл жолы да операцияны сол акушер-гинеколог жасаған.
Әйел көптен күткен сәбиін төртінші ЭКҰ әрекетінен кейін ғана көтерген. Ол жүктілік кезінде дәрігерлердің бақылауында болып, барлық қажетті тексерулерден өткен және медициналық нұсқауларды орындаған.
2024 жылғы 25 қыркүйекте ол Ақсу перзентханасына жатқызылған. Алайда босану бөлімінің меңгерушісі босануды әзірге бастамай, тағы бірнеше күн күтуді ұсынған. Әйел ауруханадан шығудан бас тартқан. Келесі күні таңғы сағат 04:30-да қан кетіп жатқанын байқайды. Сол түні кезекшілікте болған әйел дәрігер мұны қауіпті жағдай деп бағаламай, қан тыртық орнынан кетуі мүмкін екенін айтқан.
Алайда арада бір сағат өтпей, таңғы 05:25-те дәрігерлер ұрықтың жүрек соғысын тіркей алмаған. Тек 05:50-де ғана бөлім меңгерушісі мен әйел дәрігер шұғыл кесарь тілігін бастаған. Сағат 05:55-те дүниеге келген қыз бала әлсіз дауыспен жылағанымен, жағдайы өте ауыр болған. Нәресте Павлодар қаласындағы перинаталдық орталыққа жеткізілген. Бірақ 28 қыркүйекте гипоксиялық-ишемиялық зақымданудан көз жұмған.
Кейінгі сарапшылардың қорытындысы бойынша, таңғы 04:30-да қан кету мен толғақ тәрізді ауырсыну басталған сәтте-ақ ұрықтың жағдайын шұғыл бағалау қажет болған. Өйткені мұндай белгілер плацентаның мерзімінен бұрын ажырауы, кіндік бауының патологиясы немесе өзге де қауіпті асқынулар туралы хабар беруі мүмкін еді. Мамандардың пікірінше, кесарь тілігін бір жарым сағаттан кешіктірмей жасау қажет болған. Уақтылы әрекет етілгенде нәрестенің орталық жүйке жүйесіне ауыр зақым келуінің алдын алуға мүмкіндік болуы ықтимал еді.
Алайда қайғылы жағдай мұнымен аяқталмаған. Операциядан кейін әйелдің өзі де көп мөлшерде қан жоғалтқан. Оған көмектесу үшін санитариялық авиация арқылы тамыр хирургтері шақырылып, әйелдің жатырын алып тастауға тура келген. Осылайша, төртінші ЭКҰ-дан кейін ғана ана атанған әйел сәбиінен айырылып қана қоймай, енді өздігінен жүкті болу мүмкіндігінен де айырылды.
Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасы не дейді?
Осы жағдайларға байланысты Stan.kz редакциясы Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасына ресми сауал жолдады. Ведомстводан Ақсу қалалық ауруханасында болған екі оқиғаға қатысты түсініктеме беруді және медицина қызметкерлеріне қандай шара қолданылғанын нақтылауды сұрадық.
Басқарма жауабында 2024 жылғы қыркүйек пен 2026 жылғы ақпанда Ақсу қалалық ауруханасында босану кезінде асқынуларға байланысты екі жағдай тіркелгенін растады.
"Әйелдерге білікті медициналық көмек көрсетіліп, динамикалық бақылаудан кейін үйлеріне шығарылды", – делінген ресми жауапта.
Алайда ведомство науқастардың денсаулығына, қойылған диагноздарына және емдеу барысына қатысты қосымша ақпарат беруден бас тартты. Мұны медициналық құпиямен түсіндірді.
"Жеке медициналық деректер, медициналық көмекке жүгіну фактісі, адамның денсаулық жағдайы, ауру диагнозы, сондай-ақ тексеру және (немесе) емдеу барысында алынған ақпарат медицина қызметкерінің құпиясына жатады және Қазақстан Республикасының "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодексінің 273-бабына сәйкес жария етуге жатпайды", – деп хабарлады басқарма.
Сонымен бірге ведомство екі жағдайдан кейін де медициналық ұйымға қатысты шаралар қабылданғанын мәлімдеді.
"Екі жағдайда да тәртіптік сипаттағы шаралар қабылданып, Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің нұсқамасы негізінде аталған медициналық ұйымда әдістемелік көмек ұйымдастырылды", – делінген жауапта.
Бұдан бөлек, басқарма бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желі қолданушыларын ақпарат тарату кезінде объективтілік пен кінәсіздік презумпциясын сақтауға шақырды. Сондай-ақ шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді таратқаны үшін заңнамада жауапкершілік қарастырылғанын ескертті.
Қазақстандық ер адам әлеуметтік желідегі пікірі үшін қамауға алынды: Жұбайы аккаунт жалған екенін айтып отыр