"Шөгіп, сынып жатыр": Алматылықтар жаңадан төселген тротуарлардың сапасы мен қауіпсіздігіне шағымданды
Желіде алматылықтар жақында ғана жөнделген көшелердегі жаңа тас төсемдердің сапасына күмән келтіріп жатыр. Айтуларынша, кей жерлерде плиткалар шөгіп, бұзыла бастаған. Бұған қоса, тұрғындар жаңа плиткалардың жылтыр беті қыста тайғақ болып, жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін екенін айтып, алаңдаушылық білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Тұрғындарының бірі Шевченко көшесі мен Сейфуллин даңғылының қиылысындағы жөндеу жұмыстарының сапасына назар аударды.
“Құрметті әкімдік! Алматы көшелерін көріктендіріп жатқандарыңызға рақмет. Бірақ төселгеніне небәрі екі ай болған плитка қазірдің өзінде шөгіп кеткен. дәл бұрышта, жаяу жүргіншілер өткелінің жанында”, – деп жазды желі қолданушысы.
Тағы бір алматылық қала әкімдігіне үн қатып, жаңа төсемдердің қыс мезгіліндегі қауіпсіздігіне қатысты сұрақ қойды.
“Алматы әкімдігі атқарған жұмыстарыңыз бен қаланы жаңартып жатқандарыңызға рақмет! Бірақ бір сұрағым бар: бұл плиткалар қыста қаншалықты қауіпсіз? Қазірдің өзінде жылтырап тұр, ал қыста мұз айдынына айналып кетпей ме?”, – деп жазды ол.
Желі қолданушыларының пікірінше, мәселе тек Шевченко көшесімен шектелмейді. Кейбір тұрғындар Желтоқсан көшесіндегі төсемдердің жағдайына шағымданды.

"Былтыр Желтоқсан көшесіне тас төсемдер төсеген еді, қазір тротуарлар қисайып жатыр. Суретке түсіріп алуды үнемі ұмытып кетемін. Бір маусымға ғана жарайтын дүние сияқты. Келесі жылы қайта жөндеуге кірісетін шығар";
"Төсемдер өте тайғақ. Осы жолмен жүгіргенде, спорттық аяқ киімнің өзі тайып кетеді. Әлі қар да жауған жоқ! Қыста қандай болатынын көрерміз";
"Жақында Желтоқсан көшесінде төселген плиткаға екі рет сүрініп қалдым. Асфальтта мұндай жағдай болмайтын еді. Мені ең көп алаңдататыны – адамдардың қауіпсіздігі!";
"Абай даңғылында да төсемдер шөгіп жатыр. Оны не үшін ауыстырды екен? Бұрынғы брусчатка жақсы еді, тіпті әдемірек көрінетін"; "Розыбакиев көшесінде де төсемдерді ауыстырды. Енді жаңадан төселген жерлердің бәрі шөгіп жатыр", – деп жазды жұртшылық.
Алматы қаласының Қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасы желідегі наразылықтарға байланысты пікір білдірді. Жаяу жүргіншілер жүретін аумақтарға техникалық талаптарға сай бетон плиталар төселеді. Басқарманың мәліметінше, өндіруші плиталардың тайғанауға қаншалықты төзімді екенін халықаралық әдістер бойынша тексерген.
“Сынақтар ылғал бетте, әртүрлі жерлерде және бірнеше бағытта жүргізілген. Нәтижесінде плиталардың тайғанауға қарсы қасиеті расталған. Ал кейбір жаяу жүргіншілер жолына термиялық өңдеуден өткен гранит төселеді. Оның беті кедір-бұдыр болғандықтан, аяқ киімнің жерге жақсы үйкелуіне көмектесіп, тайып кету қаупін азайтады. Қолданылып жатқан материалдар сынақ нәтижелері мен техникалық сипаттамалары бойынша қауіпсіздік талаптарына сай келетінін атап өтті. Сондай-ақ қала көшелерін абаттандыру кезінде пайдаланылатын материалдардың сапасы мен қауіпсіздігі тұрақты бақылауда”, – деді ведомство.
“Қалпына келтіру жұмыстары үшін қосымша бюджет қаражаты бөлінбейді”
Редакциямыз тұрғындардың шағымына байланысты Алматы әкімдігінен пікір сұрады. Ведомство жаңадан төселген брусчатканың кей жерлері сапасыз төселгендіктен бұзылуы мүмкін екенін айтты. Бұған төсем астындағы негіздің дұрыс дайындалмауы немесе құрылыс кезінде технологиялық талаптардың сақталмауы себеп болуы ықтимал.
“Брусчатка төсемдерінің ұзақ мерзімді беріктігі мен пайдалануға жарамдылығы, ең алдымен, негіздің сапасына, оның тығыздалу деңгейіне және құрылыс жұмыстары бекітілген жобалық шешімдерге сәйкес орындалуына байланысты. Осыған орай, анықталған ақаулардың нақты себептері әрбір учаске бойынша жеке қаралып, тиісті бағалау жүргізіледі. Анықталған ақауларды жою және бүлінген брусчатка төсемдерін қалпына келтіру жұмыстары мердігер ұйымның есебінен жүргізіледі. Егер ақаулардың мердігер ұйымның жұмыстарды орындау барысында технологиялық талаптарды сақтамауынан немесе сапасыз жұмыс жүргізуінен туындағаны анықталса, оларды жою бойынша тиісті шаралар қабылданады”, – деді ведомство.
Әкімдік бұл ретте қалпына келтіру жұмыстары үшін қосымша бюджет қаражатын бөлінбейтінін жеткізді. Ал мердігер ұйым өзіне жүктелген міндеттемелер шеңберінде анықталған кемшіліктерді жоюға міндетті.
“Қазір қаланың қоғамдық кеңістіктерін абаттандыру бойынша әрбір нысанда орындалатын құрылыс-монтаж жұмыстары техникалық қадағалау тарапынан бақылауға алынады. Техникалық қадағалау мамандары жұмыстардың бекітілген жобалық құжаттамаға, құрылыс нормалары мен белгіленген техникалық талаптарға сәйкестігін тексереді. Жұмыстарды орындау барысында анықталған кемшіліктер мен ақаулар бойынша мердігер ұйымдарға тиісті ескертулер беріліп, оларды белгіленген мерзімде жою талап етіледі”, – деп қосты ведомство.
Еске салсақ, бұған дейін Алматыда көшелерге брусчатка мен жиектер орнатқан құрылыс компанияларына жаппай айыппұл салынған еді. 43 құрылыс компаниясына жалпы сомасы 5,7 миллион теңге айыппұл салынды
Павлодар облысындағы ауруханада екі әйелдің жатыры алынып, бірі сәбиінен айырылған: Тексеріс заңбұзушылықтарды анықтады