Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда көшелерге брусчатка мен жиектер орнатқан құрылыс компанияларына жаппай айыппұл салынды

Алматы жол жөндеу
Фото: Алматы әкімдігі

Алматыда абаттандыру талаптарын бұзған 43 құрылыс компаниясына жалпы сомасы 5,7 миллион теңге айыппұл салынды. Заңбұзушылықтардың басым бөлігі тротуарға брусчатка төсеу мен жиектастар орнату кезінде анықталған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Алматы әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, тексеру 30 қыркүйектен басталған. Нәтижесінде абаттандыру ережелерін бұзған 43 компания әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

"Қала аудандарындағы құрылыс нысандарында құрылыс және жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде экологиялық талаптар мен абаттандыру ережелерінің сақталуына қатысты тексеру жүргізілді", – делінген "Eco Almaty" ЖШС хабарламасында.

Заңбұзушылықтардың басым бөлігі тротуарларға брусчатка төсеу және жиектастар орнату кезінде анықталған. Белгіленген талаптарды сақтамағаны үшін 33 компания жауапкершілікке тартылған. Бұл заңбұзушылық анықталған компаниялардың жалпы санының 77 пайызына тең.

Тағы бес ұйым ғимараттардың қасбетін жөндеу кезінде, төрт ұйым кәріз және инженерлік желілерді тарту барысында, бір ұйым арық желілеріндегі жұмыстарды орындау кезінде айыппұл арқалады. Анықталған заңбұзушылықтар бойынша жалпы сомасы 5,7 миллион теңге болатын 1 340 АЕК көлемінде әкімшілік айыппұл салынған.

Гүлсезім Мұхатай
Бейсенбі, 29 Қазан, 2026 16:11