Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жабайылық": Алматылықтар қалада көпжылдық ағаштар рұқсатсыз кесілгенін айтып шағымданды

алматыдағы ағаштар
Фото: threads.com/@zhanna_kurbanova07

Алматыда Байтұрсынов көшесінің бойындағы көпжылдық ағаштар рұқсатсыз кесілген. Әлеуметтік желіде тараған видеоға қатысты полиция іс қозғап, қала тұрғындарының наразылығын тудырған жағдай бойынша келтірілген залал есептелді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Алматыда Байтұрсынов көшесінің бойындағы көпжылдық ағаштар кесілді. Әлеуметтік желіде тараған видеоға қатысты Бостандық ауданының полициясы қылмыстық іс қозғап, келтірілген залал есептелді.

Алматылық тұрғын Жанна Құрбанова Threads әлеуметтік желісіндегі парақшасында ағаштардың кесіліп жатқан сәтін жариялады. Оның айтуынша, оқиға Байтұрсынов көшесінде болған.

"Қандай әдемі ағаштарды кесіп жатқанын қараңыздаршы! Бұл жерде тағы бір мәдениет үйін салуды жоспарлап отырған сияқты. Қаланың сәнін келтіріп, айналаны салқындатып тұрған ағаштар қаншама жыл бойы өсті. Енді осындай әрекетке барып отыр. Бұл жабайылық қой!" – деп жазды ол.

Жарияланымға Алматы қаласы Бостандық ауданының әкімдігі жауап берді. Ведомствоның мәліметінше, аталған аумақ жеке меншікте орналасқан.

Табиғат қорғау полициясы келтірілген залалды анықтау үшін экология басқармасына сұрау жолдаған.

Сонымен қатар ағаштарды кесу дерегі бойынша Бостандық аудандық полиция басқармасы іс қозғаған.

Алматы қаласы әкімдігінің экология басқармасы да жағдайға қатысты түсініктеме берді. Басқарманың мәліметінше, көрсетілген мекенжай бойынша жасыл желектерді кесуге рұқсат алу туралы өтініш түспеген. Сондықтан ағаштарды кесуге ресми рұқсат берілмеген.

Оқиға орнына барған мамандар келтірілген залалды есептеп, материалдарды тиісті шаралар қабылдау үшін полиция департаментіне жолдаған.

Еске салайық, бұған дейін Алматының Көкжайлау шатқалында тау шаңғы курортын салу жоспарына байланысты ағаштардың діңіне қызыл белгілер қойылғаны хабарланған еді. Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің мәліметінше, жоба аясында 2627 ағаш кесу жоспарланған. Ал экологтар бұл табиғи экожүйеге зиян келтіріп, қаланың микроклиматына кері әсер етуі мүмкін екенін ескертті.

Айым Атамбаева
Сейсенбі, 27 Қазан, 2026 16:50