Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Құрылысы 2017 жылы басталған елдегі ең биік таулы көпірдің видеосы жарияланды

шығыстағы көпір
Фото: ҚазАвтожол

Шығыс Қазақстан облысында Өскемен – Алтай – Үлкен Нарын – Катонқарағай – Рахман қайнары бағытындағы тасжолдың жаңа учаскесі түсірілген видео жарияланды. Бірнеше жылға созылған жол құрылысы аясында Пихтовка өзені арқылы өтетін көпір көлік қозғалысы үшін ашылған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Аталған тасжол көптеген елді мекенді облыс орталығымен байланыстырып қана қоймай, Бұқтырма су қоймасының жағалауына, Белуха тауы мен "Рахман қайнары" шипажайы орналасқан Катонқарағай ауданына апарады.

Алайда жолдың 56-шақырымынан 72-шақырымына дейінгі бөлігі қауіпті тау серпантиндері арқылы өтеді. Осы учаске Осинов асуы деп аталады. Асуды айналып өтетін жаңа жол салу мәселесі бірнеше жыл бойы талқыланған. Құрылыс жұмыстары 2017 жылы, Даниал Ахметов Шығыс Қазақстан облысын басқарған кезде басталғанымен, жоба аяқталмай қалған. Бұған бірқатар бюрократиялық кедергі себеп болды. Атап айтқанда, кейбір жер учаскелерін мемлекеттік орман қоры санатынан басқа санатқа ауыстыру қажет болған.

Осылайша, жоба ұзаққа созылған құрылыс нысанына айналды. Жұмыс тек 2023 жылы қайта жанданды. Жоба аясында биік шатқалдың үстінен көпір салу да қарастырылған. "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясының мәліметінше, Пихтовка өзені арқылы өтеді және Қазақстандағы ең биік таулы көпірдің бірі болады. 

көпір
Фото: ҚазАвтожол

Алайда құрылыс жұмыстары қайта басталғаннан кейін де қиындықтар туындаған.

"2023 жылы жұмыс қайта жанданғаннан кейін мердігер құрылыс қарқынын қажетті деңгейде қамтамасыз ете алмады және келісімшарт міндеттемелерін орындамады. Жұмыс кестесінің жүйелі түрде бұзылуына және нысанды уақытында пайдалануға беру мерзімінің кешігу қаупіне байланысты 2025 жылдың мамырында екі мердігер ұйымға қатысты талап-арыз жұмыстары басталды", – деп хабарлады "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясының облыстық филиалының баспасөз қызметі.

Кейін мердігерлермен келісімшарттар бұзылып, жұмыс "Шығыс жол" ЖШС-ға тапсырылды. Бұл компания бұған дейін Шығыс Қазақстанда Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін, еліміздегі ең ұзын көпірді салған.

Құрылысты жеделдету мақсатында жаңа көпірдің жанынан бетон зауыты да орнатылған. Қазан айында көпір құрылысы аяқталды. Облыс әкімдігінің отырыстарының бірінде Пихтовка арқылы өтетін көпір мен жаңа жол учаскесіндегі қозғалысты 25 қазанда ашу жоспарланғаны айтылған. Алайда көпшілік асыға күткен ашылу рәсімі белгіленген уақытта өтпеді.

Соған қарамастан, көпір арқылы көліктер жүре бастаған. Жұмысшылар түсірген видео әлеуметтік желіде жарияланып, қызу талқыланды. Желі қолданушылары жаңа жол учаскесінде қоршаулар мен жылдамдықты шектейтін жол белгілері жеткіліксіз екенін атап өтті.

"Біреу бәрібір жолдан шығып кетуі мүмкін ғой. Биіктігі қанша? Құласа, қанша уақыт ұшады?" – деп жазды қолданушылардың бірі.

Тағы бір пікірде көпірдің негізгі параметрлері көрсетілген. Оның шатқалдан биіктігі 45 метрге дейін жетсе, ұзындығы – 175 метр.

"Мәселе тек көпірде емес. Оған дейінгі алты шақырым және одан кейінгі тағы алты шақырым жолдың қауіпсіздігін де қамтамасыз ету қажет. Ол жерлерде де қоршаулар орнатылуы керек, себебі құлама жартастар бар", – деп пікір білдірді.

"ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясының облыстық филиалы директорының орынбасары Әділет Жампеисовтің айтуынша, қауіпсіздік элементтері жол жабынының жоғарғы қабаты толық төселгеннен кейін орнатылады.

"Қазір жолдың жоғарғы қабаты төселді. Одан кейін су бұру науаларын орнатуға кірістік. Келесі кезекте жол жиегіне қауіпсіздік элементтері қойылады", – деді ол.

Бұған дейін жобаға сегіз жылда шамамен 7,9 миллиард теңге жұмсалғаны хабарланған. 2025 жылға тағы 5,3 миллиард теңге қарастырылған. Осылайша, жобаның жалпы құны 13 миллиард теңгеден асқан. Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі мен "ҚазАвтоЖол" филиалының мәліметінше, 2025 жылы жер жұмыстары аяқталып, су өткізетін құбырлар төселген. Сондай-ақ жолдың 12,1 шақырымдық бөлігінде асфальт төсеу жұмыстары жүргізілген.

Еске салайық, бұған дейін Қытай билігі Семей қаласында Ертіс өзені арқылы салынып жатқан жаңа көпір құрылысын өтеусіз грантпен қаржыландырудан бас тарты. Жоба Қытай ұсынған талаптарға сәйкес келмеген. Абай облысы әкімінің орынбасары Серік Төленбергеновтің айтуынша, енді көпірдің құрылысын аяқтауға қажетті 17,5 миллиард теңге үкімет есебінен бөлінген. Құрылыс жұмыстарының 65 пайызы жасалған. Жоспарланған тоғыз тіректің сегізі орнатылып, 9 мың тонна металл құрылымның 4,3 мың тоннасы құрастырылған. Облыс әкімі Берік Уәли көпірді биыл пайдалануға беру қажеттігін мәлімдеді.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 28 Қазан, 2026 10:28