Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қытай Семейде салынып жатқан жаңа көпір құрылысын қаржыландырудан бас тартты

Құрылыс
Фото: Абай облысы әкімдігі

Қытай Семейде салынып жатқан жаңа көпір құрылысын қаржыландырудан бас тартты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Время” басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Ертіс арқылы Семейдің оң және сол жағалауын жалғаған алғашқы көпір 1964 жылы пайдалануға берілген. 1990-жылдардың ортасында мамандар оны апатты жағдайда деп тану қажеттігін айтқан. Ақауы бар көпірге түсетін жүктемені азайту үшін билік аспалы көпір салу бастамасын көтерді. Құрылыс 2000 жылы аяқталғаннан кейін жергілікті халық оны "жаңа көпір", ал алғашқы көпірді "ескі көпір" деп атай бастаған.

Уақыт өте келе ескі көпірдің жағдайы нашарлап, онда көлік қозғалысы шектелді. Қазір тек жеңіл көліктердің ғана өтуіне рұқсат берілген, ал жолаушылар мен жүк көліктерінің қозғалысына тыйым салынған. 2021 жылдың тамызында апатты көпірдегі тротуардың бір бөлігі құлағаннан кейін, билік оның жанынан жаңа көпір салу туралы шешім қабылдады.

2022 жылдың мамыр айында жоба іске асырыла бастады. Ол кезде Семей әлі Шығыс Қазақстан облысының құрамында болып, оны Даниал Ахметов басқарған. Халықпен өткен кездесуде шенеуніктер жаңа көпір 2024 жылы салынып бітетінін мәлімдеген.

Алайда 2022 жылдың жазында Абай облысы құрылғаннан кейін, жаңа өңірдің әкімі Нұрлан Ұранхаевқа жобаны таныстырған мамандар құрылыс мерзімін қайта қарап, аяқталу уақытын 2025 жыл деп көрсеткен.

2025 жылдың басында Абай облысы әкімінің сол кездегі орынбасары қызметін атқарған Димитрий Гариков құрылыс мерземінің ұзаруына жобаның қымбаттауы себеп болғанын айтқан. 

"Көпірдің бастапқы құны 30 миллиард теңгеден асқан еді. Көпір құрылымының 90%-ын құрайтын металдың бағасы екі есе қымбаттады. 2023 жылы жобаға түзету енгізілді. Соның нәтижесінде оның құны 47 миллиард теңгеге дейін өсті", – деп түсіндірген Гариков.

Жергілікті бюджет қосымша шығындарды жабуға қауқарсыз болған. Аймақ билігі жетіспейтін қаржыландыруды алу үшін жобаны Көлік министрлігінің балансына беру мүмкіндігін қарастырды. Шенеуніктердің пікірінше, бұл қадам құрылысты 2026 жылы аяқтауға мүмкіндік берер еді.

Алайда Абай облысының басшылығына Берік Уәли тағайындалғаннан кейін, Қытай тарапынан берілетін өтеусіз грант есебінен жаңа көпірді 2025 жылдың соңына дейін аяқтау мүмкін екені хабарланды.

Жуырда Абай облысы әкімінің орынбасары Серік Төленбергенов Қытайдың жобаны қаржыландырудан бас тартқанын мәлімдеді. 

"2025 жылдың 30 тамызында Тяньцзинь қаласында Қазақстан үкіметі мен Қытай үкіметі арасында техникалық-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Бұл келісім аясында екі тарап келісетін жобаларды іске асыру үшін 200 миллион юань көлемінде өтеусіз көмек көрсету қарастырылған. Осы грант шеңберінде қаржыландыруға ұсынылған жобалардың бірі – Абай облысы Семей қаласындағы көпір құрылысы болды. Алайда жақында Қытай билігі бұл жобаның өтеусіз көмек аясында іске асырылатын жобаларға қойылатын талаптарға сәйкес келмейтіні туралы хат жолдады. Сонымен қатар Қытай үкіметі басқа ұсыныстарды қарастыруға дайын екенін білдірді", – деді әкім орынбасары.

Жуырда құрылыс нысанына барған Берік Уәли 17,5 миллиард теңге көлеміндегі құрылысты аяқтауға қажетті қаржы үкіметтен бөлінетінін атап өтті.

"Бұл көпір президенттің тапсырмасымен салынып жатыр және жеке бақылауында, сондықтан біз нысанды биыл пайдалануға беруіміз керек. Ешқандай сылтау қабылданбайды, жұмыс қарқынын төмендетуге болмайды", – деп атап өтті облыс әкімі.

Қазір құрылыс жұмыстарының 65%-ы орындалған. Жоба аясында 9 тірек орнату қарастырылған, қазір 8 тірек тұрғызылған. 9 мың тонна металл құрылымның 4,3 мың тоннасы құрастырылған.

Еске салсақ, бұған дейін Ертіс өзенінің үстінен миллиардтаған ақшаға салынған көпір бір жылда үшінші рет өртеніп кеткені туралы жазған едік. 

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 10 Маусым, 2026 22:51