Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматылықтар үй сыртындағы "тарихи тақталарды" алып тастауға қарсы шықты

тұрғын үй тақта әкімдік
Фото: facebook.com/Ажар Джандосова

Алматы тұрғындары кей тұрғын үйдердің сыртындағы қаптама тақталардың заманауи тақталармен алмастырылуына қарсы шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Алматылық Ажар Джандосова әлеуметтік желіде жазба жариялап, қала әкімдігінен қаптама тақталарға қатысты есеп беруін сұрады.

“Алматы әкімдігі! Сіздер шынымен де тарихи тақталарды жауып тастамақсыздар ма? Бұл тақталар – қаланың сәулеттік келбетінің бір бөлігі. Мұндай шешімге қалай жол беруге болады? Оларды ең қымбат материалдармен жапқанның өзінде, мұның не қажеті бар? Бірнеше онжылдықтан кейін салтанатты түрде қайта ашу үшін бе? Бұл шешімді кім қабылдады? Тоқтатыңыздар”, – деп жазды автор.

Оның бұл сөзін қолдағандар көп. 

“Жалпы, қаланың сәулеттік біртұтастығы мәселесіне қатысты айтарым: әу бастан-ақ ғимараттардың сыртқы келбетін бұзатын кондиционерлер орнатуға, балкондарды әйнектеуге, кір жаятын жіптер тартуға және әркімнің өз білгенінше өзгеріс енгізуіне жол бермеу керек еді. Әсіресе, көшенің бірінші қатарында орналасқан үйлерге қатысты мұндай талаптар қатаң сақталуы тиіс еді. Өкінішке қарай, мәселе тек тақталарда емес. Ғимараттардың сыртқы келбеті де әлдеқашан бұзылған, енді сақтап қалатын ештеңе қалмағандай. Бұл – менің жеке пікірім”, – деп жазды Тоғжан есімді желі қолданушысы.

“Алматыдағы ғимараттардың тарихи келбетін бұзуды доғарыңдар! Бұл – вандализм әрі қылмыс”, – дейді Салтанат Ташимова.

“Мұндай әсемдікті жауып тастауға болмайды! Бұл – ұлттық нақыштағы әдемі ою-өрнекпен безендірілген, сапалы жасалған әрі ондаған жыл бойы қызмет етіп келе жатқан тақталар”, – деп жазды Екатерина.

Автордың айтуынша, қала орталығында мұндай үйлер өте көп. Ол билік өкілдеріне Шевченко, Пушкин, Құрманғазы, Зенков көшелерін аралап шығуға кеңес берді.

Бұл жағдайға қатысты Медеу ауданының әкімдігі түсініктеме берді. Әкімдіктің мәліметінше, бұл ақпарат шындыққа жанаспайды.

“Қазір Құрманғазы мен Зенков көшелерінің қиылысындағы учаскеде қасбеттерді жаңғырту бағдарламасына енгізілген үйлер жоқ. Көрсетілген мекенжайда жөндеу жұмыстары жүргізілмейді және оларды жүргізу жоспарланбаған”, – деп жауап берді Медеу ауданының әкімдігі.

Бұған дейін Алматыдағы тұрғын үй кешенінде жарықтандырудан өрт шыққан еді. Тұрғындар оның үшінші рет өртеніп жатқанын айтты. Әлеуметтік желіде қауіпсіздік мәселесін көтерген “Кәусар” тұрғын үй кешенінің тұрғыны жарықтандыруды Алматы әкімдігі былтыр орнатқанын айтты.

Айым Болатқызы
Сейсенбі, 27 Қазан, 2026 16:46