Қарағандыда 2 жасар баланың басына мәдениет үйінің кірпіші құлап, қаза тапты: Анасы нысанның әлі жұмыс істеп тұрғанына наразы
Қарағанды Бұқар жырау ауданының Ботақара кентінде мәдениет үйінің шатырынан кірпіш құлап, екі жастағы Амир көз жұмды. Ұлынан айырылған ана жергілікті мәдениет үйінің әлі күнге дейін жұмыс істеп тұрғанын айтып, дабыл қақты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қауапова Сабина өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында 2026 жылы 13 сәуірде ауылдағы мәдениет үйінің қасбетіндегі кірпіш ұлының басына құлап, ауыр жарақат салдарынан Амир көз жұмғанын айтып, видео жариялады. Сабинаның айтуынша, қасбеті қирап тұрған мәдениет үйі әлі күнге дейін жұмыс істеп тұр.
“Егер осы ғимарат баламның өліміне себеп болса, неге ол әлі күнге дейін жұмыс істеп тұр? Менің ойымша, бұл ғимарат адамдар үшін қауіпті. Көріп тұрғандарыңыздай, ғимараттың кірпіштері үгітіліп, құлап жатыр. Бұл ғимарат менің баламның өліміне себеп болды. Енді мына қоршауларға қараңыздаршы. Бұлар қайғылы жағдайлардың алдын ала алады деп ойлайсыздар ма? Басқа балалардың қауіпсіздігін неге ешкім қамтамасыз етпеді? Тиісті органдардан осы мәселеге назар аударуды сұраймын. Осы уақытқа дейін маған ешкім нақты жауап берген жоқ. Көз алдымда сол оқиға, оның қалай болғаны, қандай қорқынышты жағдайға куә болғаным қайта-қайта елестейді. Мен мұндай қайғылы жағдайдың басқа адамға қайталанғанын қаламаймын”, – дейді Сабина Қауапова.

Осы тұста Бұқар жырау ауданының әкімдігіне сұрау жібердік. Бұқар жырау ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Мейірлан Қали қазір ғимараттың уақытша жұмысын тоқтатқанын мәлімдеді.
“Бұқар жырау аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарасты Ботақара кентіндегі мәдениет үйінің қызметі Бұқар жырау ауданы полиция басқармасының 2021 жылғы 14 қазанда шығарылған қаулысына байланысты уақытша тоқтатылды. Бұл шешім ғимараттың қасбетін қаптау материалы құлап, қайғылы жағдайдың болуына байланысты қабылданды. Қазір ғимараттың техникалық жағдайын зерттеу бойынша сараптама жүргізіліп жатыр”, – деді бөлім басшысы.
Оның айтуынша, сараптама қорытындысы дайын болғанға дейін ғимаратқа қызметкерлердің және өзге де азаматтардың кіруіне толықтай тыйым салынған.

Редакция Сабинаның өзіне хабарласып жағдайды сұрады. Оның айтуынша, 16 қазан бейсенбі күні оған қоңырау шалып, ғимараттың мөрленгенін хабарлаған. Бірақ ол ғимараттың расымен мөрленгенін өз көзімен көрмегенін, сондықтан рас-өтірігін айта алмайтынын жеткізді.
Еске салайық, бұған дейін Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданында 2 жасар баланың басына ғимарат қасбетінің қаптама кесіндісі құлап, баланың бас сүйегі сынып, ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілген еді. Сол кезде баланың анасы Амирге ота жасалғанын, ота кезінде жүрегі тоқтап, қан қысымы төмендеп, бір литр қан жоғалтқандықтан қан құйылғаны туралы айтқан еді. Алайда бала үш ай ауруханада ауыр жағдайда жатып, 10 шілде күні көз жұмды.
Жасөспірімнің қорқынышты суреттері көпшіліктің назарын аударды: Психолог ата-аналарға ескерту жасады