Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ал оны кім сатып алады?": Тоқаев жаңа металлургия зауыттарын салудың қажеттілігіне күмән келтірді

Қармет
Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда жаңа өндіріс орындарын ашу кезінде нарық сұранысы мен өңірлердің ерекшелігін ескеру қажет екенін айтты. Президент Qarmet кәсіпорны жұмыс істеп тұрғанына қарамастан, тағы үш облыста дәл осындай өндіріс орындарын ашу жоспарланып отырғанын сынға алып, мұндай шешімдердің экономикалық тиімділігіне күмән келтірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

 

Тоқаев Қазақстанның минералдық-шикізат қорын стратегиялық артықшылық деп атап, елдің индустриялық-технологиялық дамуын жеделдету үшін жаңа тетіктер әзірлеу қажеттігін айтты. 

"Сондықтан геологиялық барлау тәсілдерін түбегейлі өзгерту қажет. Жаңа кен орындарын бұрынғы заманнан қалған әдістермен іздеу оң нәтиже бермейтіні анық. Қазіргі таңда геологияны жоғары технологиялық сала ретінде мойындауымыз керек. Бізге озық технологиялардың көмегімен еліміздің жер қойнауын толыққанды зерттеп, деректердің ашықтығын және қолжетімді болуын қамтамасыз ету өте маңызды. Жаңа кен орындарын іздеу және барлау үдерісіне жеке қаражатты белсенді тартқан жөн", – деп түсіндірді Тоқаев.

Мемлекет басшысы маңызды металдардың әлемдік рөлі артып келе жатқанын атап өтіп, Қазақстанда олардың қорын тиімді басқарудың ұлттық жүйесін құру қажеттігін айтты.

"Аталған жүйеде тау-кен саласындағы жобаларды ұзақмерзімді қаржыландыруға мүмкіндік беретін нақты тетіктер болуға тиіс. Елімізде осы бағытта жұмыс істеп жатқан кәсіпорындармен оффтейк-келісімшарт жасау арқылы кепілді сұранысты қамтамасыз еткен жөн. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған маңызды міндеттің бірі. Осы мәселені кәсіпкерлермен бірлесе талқылап, жыл соңына дейін маған нақты ұсыныс енгізу қажет", – деді  Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ ол сарапшылар мен мамандардың пікірін алға тартып, ұлттық түрлі-түсті және сирек кездесетін металдардың қорын қалыптастыру қажеттілігі пайда болып жатқанын атап өтті.

"Түпкі мақсат – елімізді жаһандық өндіріс тізбегіне қосу. Экспорттық саясатымыз да осы мақсатқа сай жүргізілуі керек. Үкімет бұл саладағы дамыған елдермен стратегиялық серіктестік орнатуға тиіс. Жаңадан ашылған кәсіпорындар жұмыс істеп тұрған жергілікті бизнес нысандарына орынсыз кедергі келтірмеуі керек. Инвесторларды тартқан кезде де осы мәселеге мән беріп, әр аймақты, әр саланы мұқият зерделеген жөн. Қате шешімдердің салдары қандай теріс нәтижелерге әкеп соқтырғанын көріп отырмыз. Мәселен, елімізде металл өндіретін Qarmet деген ірі кәсіпорын бар. Соған қарамастан, тағы үш облыста дәл осындай өндіріс орындарын ашу жоспарланған. Осы кәсіпорындардың өнімі нарықтың сұранысына ие бола ма? Бұл сұраққа нақты жауап жоқ сияқты. Сондықтан осындай үйлесімсіз шешімдердің пайдасы күмәнді екеніне дау жоқ", – деді ел президенті.

Тоқаев мекемелер арасындағы байланысты нығайтып, әр өңірдің басым бағыттарын айқындау қажеттігін айтты. Оның сөзінше, бұл экономиканың әлеуетін толық пайдалануға мүмкіндік береді.

"Осы мәселе бойынша Үкіметтің үйлестіру рөлін әлдеқайда күшейту қажет екені анық. Бірақ аймақтар жекелеген салаға немесе кәсіпорынға тәуелді болып қалмауға тиіс. Сондықтан өңірде негізгі саланы дамыта отырып, оның айналасында және ішінде де толыққанды біртұтас жүйе құру маңызды. Атап айтқанда, білім беру, қолданбалы ғылым, логистика, қызмет көрсету салаларын, сабақтас өндірістерді және технологиялық кәсіпкерлікті дамытқан жөн". "Халықтық құрылыс" әр аймақта осындай жүйе, яғни қазіргі тілмен айтсақ, экожүйе құруға оң ықпал ететініне сенім бар", – деп нақтылады Қасым-Жомарт Тоқаев.

Еске салайық, бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында "Халықтық құрылыс" бағдарламасын ұсынып, оның елдің барлық өңірін қамтуы қажеттігін айтты. Жоба аясында газ бен ауыз су жүйелерін тарту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту көзделген. Үкімет жыл соңына дейін нақты жобалардың бастапқы тізімін әзірлеуі керек.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 28 Қазан, 2026 11:44