Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шығыс Қазақстанда 20 жыл апатты жағдайда тұрған көпірдің құрылысы әлі басталмаған: Жобаға 8 миллиард теңге бөлінген

ШҚО көпір құрылыс
Фото: Видеодан скрин

Шығыс Қазақстан облысындағы Шемонаиха қаласында Үбі өзені арқылы өтетін жаңа көпірдің құрылысы әлі басталмады. Құрылыс жұмыстары мамыр айында басталуға тиіс еді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 24KZ арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Үбі өзені арқылы өтетін бұл көпір 20 жыл бұрын апатты жағдайда тұр деп танылған. Алайда оны жөндеуге не мүмкіндік, не қажеттілік болмаған. Өткен ғасырдың ортасында салынған нысан қазіргі талаптарға және көлік қозғалысының қарқынына мүлде сай келмейді.

Қазір тәулігіне бұл өткел арқылы екі мыңнан астам көлік өтеді. Жүктемені азайту үшін мұнда реверсивті қозғалыс енгізілген. Алайда Шемонаиха қаласының тұрғыны Василий Лобановтың айтуынша, бұл шара жағдайды жақсартпай отыр.

“Көлік өте көп. Реверсивті қозғалыс болса да, мәселе шешілмейді. Елестетіп көріңізші: тіркемесі бар 5-6 жүк тиелген КамАЗ кезек күтіп тұрады. Жол ашылған кезде бәрі бірден өтеді. Міне, нағыз жүктеме осы. Реверсивті қозғалыс жағдайды жеңілдетпейді, керісінше қиындата түседі”, – дейді ол.

Қазір қаладағы жалғыз өткел апатты жағдайда тұр. Бұл көпір қаланың екі бөлігін ғана емес, сонымен қатар бірқатар елді мекендерді де байланыстырып отыр.

Осыған байланысты өңірде жаңа көпірдің құрылысын жеделдету туралы шешім қабылданған. Жобалық-сметалық құжаттама 2024 жылы әзірлене бастаған. Ал биыл көктемде құрылыс жұмыстарын бастауға уәде етілген еді. Алайда әзірге ештеңе түртілген жоқ.

Ал Шемонаиха ауданының әкімі Дидар Кеңесбаевтың айтуынша, құрылыс жұмыстарының кешігуіне жаңа көпір салынатын аумаққа кіретін жер телімдері мен ғимараттарға қатысты мәселелер себеп болған.

“Процесс сәл созылып кетті. Себебі жаңа көпір құрылысы аймағына кіретін жер учаскелері мен нысандар болды. Бұл мәселелердің басым бөлігін шешіп, өтемақыларын төледік. Қазір тек бір жер телімі бойынша сот шешімін күтіп отырмыз. Оның иесі өтемақы көлемімен келіспеген еді. Бірақ бұл мәселе де реттелді. Қазір мердігерді анықтау бойынша конкурс аяқталуға жақын. Одан кейін бәрі бюджеттен бөлінетін қаржыға байланысты”, – деді әкім.

Жобаның құны шамамен 8 миллиард теңге. Егер құрылыс жұмыстары осы жазда басталса, жаңа көпірді екі жыл ішінде аяқтау жоспарланып отыр.

Ал жаңа көпір пайдалануға берілгеннен кейін ескі өткелдің тағдыры не болатыны әзірге белгісіз. Қазір екі нұсқа қарастырылуда: көпірді толықтай бұзу немесе тұрғындардың ұсынысы бойынша оны тарихи мұра ретінде сақтап, жаяу серуендеуге арналған аймаққа айналдыру.

Жаңа өткел қазіргі көпірден 6 метрге кең әрі шамамен 40 метрге ұзын болады. Ең бастысы, ол облыс ішіндегі және өңіраралық бағыттардағы көлік қозғалысын үздіксіз қамтамасыз етіп, тауарлар мен қызметтердің транзитін жеңілдетеді.

Айым Болатқызы
Дүйсенбі, 01 Маусым, 2026 09:08