Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Тоқсаныншы жылдары жазылған": Тоқаев жаңа Азаматтық кодекс қабылдауды ұсынды

кодекс
Фото: ChatGPT

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында жаңа Азаматтық кодексті әзірлеп, оны 2027 жылдың соңына дейін қабылдауды ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Мемлекет басшысының айтуынша, қазіргі Азаматтық кодекс 1990-жылдары қабылданған. Ол Қазақстанда нарықтық экономиканың қалыптасуына, меншік құқығын қорғауға және азаматтық қатынастарды реттеуге негіз болды. Алайда содан бері экономика мен қоғам айтарлықтай өзгерді.

"Кодекс өзінің тарихи миссиясын толық атқарып шықты десек, артық болмайды. Бұл құжат нарықтық экономиканың негізгі институттарын құруға жол ашты, меншікті қорғау қағидатын бекітті. Бұған қоса, жаңа тарихи дәуірдегі азаматтық қатынастардың құқықтық негізін қалыптастырды. Дегенмен қанша жерден сапалы болса да, бұл Азаматтық кодекс өтпелі кезеңдегі экономика үшін әзірленді. Сол кезде озық технологиялардың заты түгіл, аты да жоқ болатын. Әрине, соңғы 30 жыл ішінде бүкіл әлем, соның ішінде қоғамымыз түбегейлі өзгерді", – деді Тоқаев.

 

Президент жаңа кодекс ел экономикасының алдағы дамуына құқықтық негіз болуы керек деп есептейді. Сондай-ақ ол кәсіпкерлер, инвесторлар мен азаматтар үшін тұрақты әрі түсінікті құқықтық жағдай қалыптастырудың маңызын атап өтті.

"Бұл кәсіпкерлердің, инвесторлардың және азаматтардың алаңсыз жұмыс жүргізуі үшін құқықтық тұрақтылықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Құрылтай депутаттары Үкіметпен бірлесе отырып, осы маңызды құжатты әзірлеуге тез арада кіріскені жөн. Құрылтай жаңа Азаматтық кодексті келесі жылдың аяғына дейін қабылдаса жөн болар", – деді мемлекет басшысы.

Айта кетейік, Азаматтық кодекс азаматтар мен ұйымдардың мүліктік қатынастарын, меншік құқығын, келісімшарттарды, мұрагерлік және басқа да азаматтық-құқықтық мәселелерді реттейді.

Еске салсақ, бұған дейін Тоқаев жаңа Салық кодексіндегі кәсіпкерлерге қиындық туғызып отырған талаптарды қайта қарауды тапсырған еді.

Қарлығаш Асқарова
Сәрсенбі, 28 Қазан, 2026 12:43