Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда жұмыссыздарды тіркеу тәртібі өзгерді: Енді жұмыс іздеуге 13 күн беріледі

жұмыссыз
Фото: magnific.com

Қазақстанда жұмыссыз ретінде тіркелмес бұрын азаматтарға жұмыс іздеу үшін 13 күнтізбелік күн беріледі. Егер осы уақыт ішінде жұмыс табылмаса, олар автоматты түрде жұмыссыз мәртебесін алады. Жаңа тәртіп 1 қазаннан бастап пилоттық жоба аясында енгізілді.

2026 жылғы 1 қазаннан бастап Қазақстанда жұмыс іздеушілер мен жұмыссыздарды тіркеудің жаңа тәртібі бойынша пилоттық жоба іске қосылды. Енді мансап орталықтары азаматты жұмыссыз ретінде тіркемес бұрын оған жұмыс іздеуге 13 күнтізбелік күн береді. Егер осы мерзімде жұмыс табылмаса, азамат жұмыссыз ретінде автоматты түрде тіркеледі.

Жобаны Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі 2026 жылғы 30 қыркүйектегі №382 бұйрықпен бекіткен. Бұйрық 22 қазанда жарияланып, 1 қазаннан бастап қолданысқа енгізілген.

Жұмысы мен табысы жоқ азамат жұмыс іздеуші ретінде тіркелу үшін тұрғылықты жеріндегі мансап орталығына жүгіне алады немесе "Электрондық еңбек биржасы" бірыңғай цифрлық платформасы арқылы өтініш бере алады.

Өтініш беру кезінде азамат дербес деректерін жинауға және өңдеуге келісім беруі керек. Құжаттар мен мәліметтер тексерілгеннен кейін оны бір жұмыс күні ішінде жұмыс іздеуші ретінде тіркейді.

Жаңа пилоттық жоба бойынша мансап орталығы жұмыс іздеушіге лайықты бос жұмыс орындарын табуға 13 күнтізбелік күн бөледі. Осы уақыт ішінде Электрондық еңбек биржасы бос жұмыс орындарын автоматты түрде іріктейді, ал мансап орталығы азаматқа жұмыс табуға көмектеседі.

Бұрын қолданыста болған жалпы тәртіп бойынша жұмыс іздеушіге жұмыс ұсыну үшін екі жұмыс күні берілетін. Егер 13 күн ішінде азамат жұмысқа орналаспаса, ол автоматты түрде жұмыссыз ретінде тіркеледі. Алайда бұл тәртіп 16 жасқа толмағандарға, жұмыспен қамтылғандарға, зейнет жасына жеткендерге, жоғары сынып оқушылары мен студенттерге және заңда көрсетілген басқа да санаттарға қолданылмайды.

Сондай-ақ жұмыссыз екені туралы жалған мәлімет бергендер мен белгілі бір жаза түрлерін өтеп жүрген адамдарға қатысты ерекшеліктер қарастырылған.

Жұмыс іздеуші немесе жұмыссыз азамат мансап орталығы ұсынған лайықты жұмысқа келісетінін не бас тартатынын үш жұмыс күні ішінде хабарлауы керек.

Жауапты жеке барып, мобильді телефон немесе цифрлық технологиялар арқылы беруге болады.

Бұрынғы тәртіп бойынша жұмыс іздеушілер ұсынылған жұмысқа бір жұмыс күні ішінде жауап беруі керек болған. Ал жұмыссыздар үшін үш жұмыс күні берілетін.

Қандай жағдайда жұмыссыз мәртебесінен айырылады?

Мансап орталығы мынадай жағдайларда азаматты жұмыссыздар есебінен шығара алады:

  • Ұсынылған үш лайықты жұмыс нұсқасынан бас тартса немесе белгіленген мерзімде жауап бермесе;
  • Жұмысқа орналасу немесе оқыту орнына дәлелді себепсіз бес жұмыс күні ішінде бармаса;
  • Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысуды өз бетінше тоқтатса;
  • Мансап орталығына белгіленген уақытта бармаса немесе хабарлау талаптарын орындамаса;
  • Жұмысқа орналасуға әсер ететін өзгерістер туралы уақытында хабарламаса;
  • Жалған немесе қолдан жасалған құжаттар ұсынса.

Бұдан бөлек, азамат тұрақты немесе уақытша жұмысқа орналасса, азаматтық-құқықтық шарт бойынша жұмыс істей бастаса, кәсіпкерлік қызмет ашса немесе ұйымның құрылтайшысы болса, бұл туралы мансап орталығына бес жұмыс күні ішінде хабарлауға міндетті.

Мүгедектік тобының белгіленуі немесе өзгеруі, сондай-ақ зейнетақы төлемдерінің тағайындалуы туралы да хабарлау қажет.

Егер азамат ұсынылған үш жұмыс нұсқасынан бас тартқаны, дәлелді себепсіз келмегені немесе мансап орталығының талаптарын бұзғаны үшін есептен шығарылса, қайта тіркелу үшін 30 күнтізбелік күн күтуі керек. Мұндай шектеу жұмыссыздар есебінен шығарудың заңда көрсетілген нақты негіздеріне ғана қатысты.

Еске салайы, бұған дейін Қазақстанда 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыссыздық бойынша әлеуметтік төлем мерзімі алты айдан үш айға дейін қысқаратыны хабарланған еді. Сонымен қатар төлемнің ең жоғары мөлшері шамамен 268 мың теңге болады. Жәрдемақы ресми жұмыс істеп, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдар төлеген азаматтарға тағайындалады.

Айым Атамбаева
Сейсенбі, 27 Қазан, 2026 15:12