Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Автокөлік өндірісінде 15 жыл еңбек еткен Қостанай тұрғыны "Құрмет" орденімен марапатталды

Қостанайда Республика күні қарсаңында өңір мен елдің дамуына үлес қосқан азаматтарға мемлекеттік наградалар табысталды. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов түрлі салада еңбек етіп жүрген тұрғындарды марапаттады. Олардың қатарында отандық автокөлік өндірісінің дамуына үлес қосқан Allur зауытының операциялық директоры Владимир Антух та бар. Ол көп жылғы еңбегі үшін "Құрмет" орденімен марапатталды.

Владимир Антух зауытта 12 жылдан бері еңбек етіп келеді. Ал автокөлік өндірісіндегі жалпы еңбек өтілі 15 жылға жуықтайды. Ол кәсіпорындағы еңбек жолын 2013 жылы көлік шанағын бояйтын мекемеде шебер болып бастады. Жылдар бойы тәжірибе жинап, қарапайым жұмыс орнынан операциялық директор қызметіне дейін көтерілді.

Қазір ол өндіріс жоспарының орындалуына, шығарылатын көліктердің сапасына, жұмыс тиімділігін арттыруға және өндіріс үдерістерін жетілдіруге жауап береді. Сонымен қатар мамандардың кәсіби біліктілігін арттыруға, еңбек тәртібі мен қауіпсіздігін сақтауға ерекше көңіл бөледі.

"Мұндай марапатқа ие болу мен үшін үлкен мәртебе. Еңбегім мен саланың дамуына қосқан үлесіме жоғары баға бергені үшін алғыс айтамын. Жұмыс барысында өндіріс өнімділігін арттыруға, қызметкерлердің кәсіби дамуына және қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға басымдық бердім. Кез келген жетістіктің артында тұтас команданың еңбегі тұрады деп есептеймін. Сондықтан бұл марапатты әріптестерімнің де ортақ жетістігі деп білемін", – деді Allur зауытының операциялық директоры Владимир Антух.

Владимир Антухтың еңбегі бұған дейін де еленген. 2021 жылы оның есімі кәсіпорынның Құрмет тақтасына енгізілсе, 2022 жылы Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталған.

"Құрмет" ордені елдің экономикасын, әлеуметтік саласын, ғылымы мен мәдениетін және басқа да бағыттарын дамытуға үлес қосқан азаматтарға беріледі.

Ақгүл Айдарбекқызы
Сейсенбі, 27 Қазан, 2026 15:56