Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Түркістан облысында 1 миллиард теңгеге жуық ауыл шаруашылығына бөлінген субсидия жымқырылған

ауыл субцидиясы
Фото: Ақорда

Түркістан облысының прокуратурасы ауыл шаруашылығы саласына бөлінген бюджет қаражатын жымқыру деректерін анықтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Түркістан облыстық прокуратураның мәліметінше, тексеру барысында шамамен 1 миллиард теңгеге қатысты заңбұзушылықтар әшкереленді.

Деректерге сенсек, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының қызметін тексеру кезінде жүйелі заңбұзушылықтар мен бюджет қаражатын жымқыру фактілері анықталған.

Атап айтқанда, Сайрам ауданындағы шаруа қожалықтары жалған мәліметтер мен қолдан жасалған құжаттарды ұсыну арқылы өндірілген сүт көлемін нақты көрсеткіштен 8 есе артық көрсеткен. Осылайша мемлекеттен заңсыз субсидия алған.

Тексеруден соң аса ірі мөлшердегі алаяқтық белгілері бойынша екі дерек сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Істерді тергеу облыстың арнайы прокурорларына тапсырылды.

 Қазір төрт күдіктіге қатысты бір қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталған. Мемлекет бюджетіне 40 миллион теңге қайтарылып, күдіктілердің құны 100 миллион теңгеден асатын мүлкіне тыйым салынды.

Екінші қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.

Еске салайық, бұған дейін Ақмола облысында жоқ малды бар деп көрсетіп, 50 миллион теңгеден астам субсидия алғандар тергеліп жатқанын жазған едік. Тергеу нұсқасы бойынша, "Медина" ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің директоры мен Шортанды аудандық ветеринариялық станциясының басшысы ақпараттық жүйеге ірі қара мал саны туралы жалған мәлімет енгізіп, мемлекеттік субсидияны қолды еткен.

Айым Атамбаева
Сейсенбі, 27 Қазан, 2026 15:46