Қазақстанда алимент төлемейтіндердің табысын такси мен букмекерлік кеңселерден де анықтайды
Қазақстанда алимент төлемей жүрген азаматтардың табысын анықтау үшін сот орындаушылары такси және жеткізу қызметтерінің онлайн-платформаларына, букмекерлік кеңселер мен казиноларға сұрау жібере алады. Ал алимент төлемегендерге жазаны қатаңдату әзірге жоспарланып отырған жоқ. Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.
Қазақстанда алимент төлемей жүрген азаматтардың табысын анықтау тәсілдері кеңейтілді. Енді жеке сот орындаушылары борышкерлердің такси қызметінен, жеткізу платформаларынан және құмар ойындардан тапқан табысы туралы ақпарат сұрата алады. Бұл туралы премьер-министр Олжас Бектенов Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында мәлімдеді.

Борышкерлердің табысын қалай анықтайды?
Қазір сот орындаушылары мемлекеттік органдармен, банктермен және еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесімен байланысқан автоматтандырылған жүйе арқылы жұмыс істейді. Оның көмегімен борышкердің ресми жұмыс орны мен жұмыс берушісі туралы ақпарат алуға болады. Енді сот орындаушылары такси жүргізушілері, курьерлер және өзге де өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар жұмыс істейтін онлайн-платформалардан да мәлімет сұрата алады. Мұндай сұраулар букмекерлік кеңселер мен казиноларға да жіберілуі мүмкін. Сонымен қатар мемлекет жолаушылар тасымалы, жеткізу қызметтері, құмар ойындар және электронды ақшамен жасалатын операциялардан түсетін кірістерді анықтау үшін мемлекеттік органдардың дерекқорларын өзара байланыстырып жатыр.
Алимент қарызы қалай есептеледі?
Алимент бойынша берешек борышкердің нақты жалақысы мен басқа да табыстарына қарай есептеледі. Егер азамат жұмыс істемесе немесе оның кірісі туралы құжаттар болмаса, қарыз елдегі орташа жалақы негізінде есептеледі.
“Егер алиментті жалақыдан немесе басқа табыстардан үш ай бойы өндіріп алу мүмкін болмаса, сот орындаушысы берешекті есептеп, мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қабылдауға міндетті. Оған борышкердің мүлкін өндіріп алу да кіреді”, – делінген Олжас Бектеновтің жауабында.
Егер борышкер қарызының бір бөлігін ғана өтесе, қалған соманы төлеу міндетінен босатылмайды.
Алимент төлемегендерге жазаны неге қатаңдатпайды?
Қазақстанда алимент төлемегені үшін екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында полиция алимент төлемеуге қатысты 991 қылмыстық істі тергеген. Оның 356-сы сотқа жолданған. Бұдан бөлек, сот шешімін орындамағаны үшін 3477 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Алайда үкімет алимент төлемегендерге жазаны одан әрі қатаңдату мәселені өздігінен шешпейді деп есептейді.
“Қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікті одан әрі қатаңдату берешектің міндетті түрде өтелуіне кепілдік бермейді. Бас бостандығынан айыру борышкердің ақша табу және алимент төлеу мүмкіндігін шектеуі мүмкін”, – делінген премьер-министрдің жауабында.
Үкімет жазаны өзгерту мәселесін қосымша зерделеуге уәде берген.
Жеке сот орындаушыларын да тексереді
2027 жылғы 1 қаңтардан бастап жеке сот орындаушылары үш жылда бір рет аттестаттаудан өтеді. Егер маман аттестаттаудан екі рет өте алмаса немесе дәлелді себепсіз оған келмесе, лицензиясынан айырылады. Депутаттар мемлекет есебінен жалға берілетін тұрғын үй ақысын субсидиялау бағдарламасына қатыса алатын отбасылардың санатын кеңейтуді де ұсынған. Алайда Олжас Бектенов бұл бастама бюджеттен қосымша қомақты қаражат бөлуді қажет ететінін айтқан. Оның сөзінше, әлеуметтік қолдау көрсету кезінде отбасының әл-ауқаты негізгі өлшем болып қала береді.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда алимент төлемей жүрген азаматтардың тізімі жарияланған еді.
Абай облысында 180 миллиард теңге жұмсалған жол үгітіліп жатыр