Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сарапшылар 2027 жылы доллар бағамы қандай болатынын болжады

Теңге
Фото: Pixabay

Сарапшылар Қазақстан экономикасының 2026 жылдың қорытындысы мен 2027 жылға арналған болжамын жариялады. Есепте доллар бағамы, инфляция, базалық мөлшерлеме және экономикалық өсімге қатысты болжамдар берілген. Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.

Болжам бойынша, 2026 жылдың соңында доллар бағамы 490 теңге, ал 2027 жылдың соңында 515 теңге деңгейінде қалыптасады. Halyk Research сарапшыларының мәліметінше, 2026 жылдың үшінші тоқсанында доллардың орташа бағамы 462,11 теңгені құраған. Ал екінші тоқсанда бұл көрсеткіш 476 теңге болған. Теңгенің нығаюына Ұлттық банктің жоғары базалық мөлшерлемесі, шетелдік инвесторлардың мемлекеттік бағалы қағаздарға қаржы салуы және валюта нарығындағы операциялар әсер еткен. Есеп авторлары теңге бағамына жыл соңындағы валютаға сұраныстың артуы, Ұлттық банктің валюта ұсынысының азаюы және базалық мөлшерлеменің төмендеуі әсер ететінін атап өтті.  Сонымен қатар сарапшылар қазіргі сұраныс пен ұсыныс арақатынасы сақталса, доллар бағамы болжанған деңгейден төмен болуы ықтимал екенін де жоққа шығармайды.

 

Инфляция 10%-ға жетеді

Halyk Research деректеріне сәйкес, 2026 жылдың қыркүйегінде Қазақстандағы жылдық инфляция 9,3%-ға дейін төмендеді. Алайда сарапшылар жыл соңына қарай бағаның өсу қарқыны қайта жеделдеп, инфляция 10% деңгейінде қалыптасады деп күтеді. Есепте азық-түлік бағасының өсуіне маусымдық факторлар әсер ететіні айтылған. Ал ақылы қызметтер саласында коммуналдық тарифтердің өсуіне байланысты инфляциялық қысым сақталып отыр. 2027 жылы инфляция 8–9% деңгейінде болады деген болжам жасалды. Сарапшылардың бағалауынша, бағаның өсуін тежеуге қатаң ақша-несие саясаты мен тұтынушылық кредиттеудің баяулауы ықпал етеді.

Базалық мөлшерлеме төмендей ме?

2026 жылғы 23 қазанда Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16,25%-дан 15,75%-ға дейін төмендетті. Жыл соңына қарай оның 15,5%-ға, ал 2027 жылдың соңында 14%-ға дейін түсуін күтеді. Дегенмен базалық мөлшерлеменің төмендеуі банктердегі несие мен ипотека пайызы бірден азаяды дегенді білдірмейді. Қарыз құнына банктердің қаржыландыру шығындары, тәуекелдері және нарықтағы жағдай да әсер етеді.

Қазақстан экономикасы қаншаға өседі?

2026 жылдың алғашқы тоғыз айында Қазақстан экономикасы 4,2%-ға өсті. Есепте шикізаттық емес сектордың өсімі 5,4%-ды құрағаны көрсетілген. Экономикалық өсімге өңдеу өнеркәсібі мен құрылыс салалары үлес қосқан. Сонымен бірге мұнай-газ секторындағы өндіру көлемінің өзгеруі тау-кен өнеркәсібінің көрсеткішіне кері әсер еткен. 2026 жылдың қорытындысында Қазақстан экономикасының өсімін 4,8% деңгейінде болады деп болжанды. Ал 2027 жылға арналған болжамы – 4,5–4,8%. Сарапшылар экономикалық өсімді инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру да қолдайтынын атап өтті.

Есепте экономикалық өсімге өңдеу өнеркәсібі мен құрылыс салалары үлес қосқаны көрсетілген. Ал мұнай-газ секторындағы өндіру көлемінің өзгеруі тау-кен өнеркәсібінің көрсеткішіне әсер еткен. Сарапшылар 2027 жылы инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру экономиканың өсуіне қолдау көрсетеді деп күтеді.

Айта кетейік, 23 қазанда Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16,25%-дан 15,75%-ға дейін төмендетті. Сол күні KASE-дегі доллардың орташа өлшенген бағамы 451,05 теңге болды.

Айнура Дарибаева
Сейсенбі, 27 Қазан, 2026 14:40