Қазақстан білім беру бойынша Орталық және Оңтүстік Азияда бірінші орынға шықты
Қазақстан білім беру көрсеткіші бойынша Орталық және Оңтүстік Азия елдері арасында көш бастады. Бұл нәтиже 2025 жылы Жаһандық инновациялар индексінде тіркелді. Ал әлемдік деңгейде ел 133 мемлекеттің арасында 68-орынға жайғасқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
2025 жылы Жаһандық инновациялар индексінің (Global Innovation Index) дерегіне сәйкес, Қазақстан “Білім беру” көрсеткіші бойынша Орталық және Оңтүстік Азия елдері арасында бірінші орын алған. Әлемдік рейтингте бұл бағыт бойынша 68-орынға тұрақтаған.

Халықаралық менеджментті дамыту институтының (IMD) әлемдік бәсекеге қабілетті елдер рейтингінде де Қазақстанның көрсеткіші жақсарған. Атап айтқанда, ел “Білім беру” субфакторы бойынша 2021 жылғы 45-орыннан 2025 жылы 38-орынға көтерілген. Рейтингке 69 мемлекет қатысқан. Бұл — кейінгі бес жылдағы ең жоғары нәтиже.
Бір мұғалімге қанша оқушыдан келеді?
Халықаралық менеджментті дамыту институтының (IMD) елдердің таланттарды тарту және ұстап қалу қабілетін бағалайтын әлемдік рейтингі жарияланды. Қазақстан орта білім беру жүйесіндегі оқушылар мен педагогтер санының арақатынасы бойынша 69 елдің арасында екінші орын алған.
Зерттеу дерегіне сәйкес, Қазақстанда бір педагогке орта есеппен 8,34 оқушыдан келеді. Бұл көрсеткіш мектептегі мұғалімдер мен оқушылардың арақатынасын сипаттайды. Дегенмен ол білім сапасын өздігінен толық бағалай алмайды. Оқушының білімді қаншалықты меңгергені, мұғалімнің кәсіби дайындығы және мектептердің материалдық-техникалық жағдайы да маңызды.
Қазақстанда 217 жаңа мектеп салынған
Елдегі білім беру инфрақұрылымын жаңарту бағытында "Келешек мектептері" ұлттық жобасы жүзеге асырылды. Жоба аясында 460 мың оқушыға арналған 217 заманауи мектеп салынған.
Сонымен қатар педагогтерді қолдау шараларын жетілдіру және оқыту сапасын арттыру бағытында жұмыстар жүріп жатыр.
Халықаралық рейтингтер Қазақстанның білім беру саласындағы жекелеген көрсеткіштерін бағалауға мүмкіндік береді. Алайда елдің білім жүйесіндегі нақты өзгерістерді бағалау үшін рейтингтегі орынмен қатар оқушылардың білім нәтижесін, мектептер арасындағы айырмашылықты және оқыту жағдайын да ескеру қажет.
PISA-2025: Қазақстан оқушыларының нәтижесі қандай?
Айта кетейік, бұған дейін Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы PISA-2025 халықаралық зерттеуінің нәтижесін жариялаған еді. Зерттеуге Қазақстанның барлық өңірінен 22 680 оқушы қатысқан. Нәтижесінде қазақстандық оқушылар жаратылыстанудан 420, математикадан 414, оқу сауатынан 385, есептеу арқылы мәселе шешуден 449 балл жинаған. Ел төрт бағыттың ешқайсысында Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің орташа көрсеткішіне жете алмаған.
Зерттеуде Қытайдың төрт өңірі мен Сингапур жоғары нәтиже көрсеткен. Ал Қазақстан кей бағыттар бойынша Өзбекстаннан озып, Қырғызстаннан жоғары балл жинаған. Руанда үш негізгі пән бойынша ең төмен нәтиже көрсеткен.
Алматылықтар үй сыртындағы тарихи тақталарды алып тастауға қарсы шықты