Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтар қарашада қандай салықтарды төлеуі тиіс

салық
Фото: Pixabay

2026 жылғы қарашада Қазақстандағы салық төлеушілер бірқатар декларация тапсырып, салықтар мен міндетті төлемдерді аударуы керек. Есептіліктің басым бөлігі үшінші тоқсанның қорытындысына қатысты. Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.

Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті қараша айында орындалуы тиіс салық міндеттемелері мен олардың мерзімдерін еске салды.

Салық есептілігін қашан тапсыру керек?

16 қарашаға дейін салық төлеушілер мынадай есептілік нысандарын тапсыруы қажет:

  • 101.03 нысаны – резиденттің табысынан төлем көзінен ұсталған корпоративтік табыс салығы бойынша есеп;
  • 101.04 нысаны – резидент емес тұлғаның табысынан төлем көзінен ұсталған корпоративтік табыс салығы бойынша есеп;
  • 200.00 нысаны – жеке табыс салығы мен әлеуметтік салық бойынша декларация;
  • 300.00 нысаны – қосылған құн салығы бойынша декларация;
  • 400.00 нысаны – акциз бойынша декларация;
  • 500.00 және 510.00 нысандары – жер қойнауын пайдалануға қатысты төлемдер бойынша есептілік;
  • 701.01 нысаны – мүлік салығы бойынша ағымдағы төлемдер есебі;
  • 710.00 нысаны – ойын бизнесі салығы бойынша декларация;
  • 860.00 нысаны – су ресурстарын пайдаланғаны үшін төлем бойынша декларация;
  • 870.00 нысаны – қоршаған ортаға теріс әсер еткені үшін төлем бойынша декларация;
  • 880.00 нысаны – цифрлық майнинг үшін төлем бойынша декларация.

Бұл есептіліктің басым бөлігі 2026 жылдың үшінші тоқсанына қатысты. Ал кейбір нысандар бойынша қыркүйек айының немесе өзге есептік кезеңдердің деректері көрсетіледі.

20 қарашаға дейін мына құжаттарды тапсыру қажет:

  • 328.00 нысаны – 2026 жылғы қазанда Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен тауар әкелу және жанама салықтарды төлеу туралы өтініш;
  • 851.00 нысаны – жер учаскелерін пайдаланғаны үшін ағымдағы төлемдер сомасының есебі;
  • 870.00 нысаны – 2026 жылғы қазан айында тиісті рұқсат құжатын алған I және II санаттағы нысандар операторларына арналған қоршаған ортаға теріс әсер еткені үшін төлем бойынша декларация.

Қарашада қандай салықтарды төлеу керек?

5 қарашаға дейін:

  • Жеке практикамен айналысатын адамдардың қазан айындағы табысына салынатын жеке табыс салығын төлеу қажет.

10 қарашаға дейін:

  • Шаруа немесе фермер қожалықтарына арналған арнаулы салық режимі бойынша жеке табыс салығы мен жерүсті су ресурстарын пайдаланғаны үшін төлемді аудару керек. Есептік кезең – 2026 жылғы 1 қаңтардан 1 қазанға дейін.

16 қарашаға дейін:

  • Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға арналған арнаулы салық режимі бойынша қазан айындағы жеке табыс салығы төленеді. Бұл төлемді интернет-платформа операторы аударады.

20 қарашаға дейін:

  • Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен әкелінген тауарларға қатысты қосылған құн салығын төлеу;
  • акциздерді, соның ішінде ЕАЭО елдерінен импортталған тауарларға салынатын акциздерді аудару;
  • қоршаған ортаға теріс әсер еткені үшін төлемді төлеу қажет.

24 қарашаға дейін:

  • Резидент емес тұлғалардың жекелеген санаттарына 2026 жылғы қазанда төленген табыстардан ұсталатын жеке табыс салығын аудару керек.

25 қарашаға дейін мына салықтар мен міндетті төлемдерді төлеу қажет:

  • қараша айына арналған корпоративтік табыс салығы бойынша аванстық төлемдер;
  • резиденттер мен резидент еместердің табысынан төлем көзінен ұсталған корпоративтік табыс салығы;
  • төлем көзінен ұсталған жеке табыс салығы;
  • резидент емес жеке тұлғалардың табысына салынатын жеке табыс салығы;
  • өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнаулы салық режимі бойынша қазан айындағы жеке табыс салығы;
  • үшінші тоқсанға арналған қосылған құн салығы;
  • экспортқа салынатын ренталық салық;
  • пайдалы қазбаларды өндіру салығы;
  • қазан айындағы әлеуметтік салық;
  • мүлік салығы;
  • ойын бизнесі салығы;
  • жер учаскелерін және су ресурстарын пайдаланғаны үшін төлемдер;
  • қоршаған ортаға теріс әсер еткені үшін төлем;
  • қараша айындағы сыртқы (көрнекі) жарнама орналастыру төлемі;
  • цифрлық майнинг үшін төлем;
  • қазан айындағы бірыңғай төлем және әлеуметтік төлемдер.

Әлеуметтік төлемдерге міндетті зейнетақы жарналары, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары, әлеуметтік аударымдар және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналары кіреді.

Салық төлемегендерге қандай шара қолданылуы мүмкін?

Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті салық есептілігін тапсыру мен төлемдерді соңғы күнге қалдырмауға кеңес береді. Бұл техникалық кідірістер мен өсімпұл есептелуінің алдын алуға көмектеседі.

Бұған дейін Қазақстанда салық бойынша берешегі бар кейбір азаматтардың шетелге шығуына уақытша шектеу қойылуы мүмкін екені хабарланған. Дереккөз мәліметінше, бұл шара берешегі 27 мың айлық есептік көрсеткіштен, яғни 16,775 миллион теңгеден асатын және үш айдан астам уақыт өтелмеген қарызы бар адамдарға қатысты.

Сондай-ақ 2026 жылғы 13 қазаннан бастап Мемлекеттік кірістер комитетінің Ұлттық статистика бюросына салық деректерін беру тәртібі өзгерген. Комитет бизнеске қатысты 45 түрлі мәліметті, соның ішінде компаниялардың кірісі мен шығысы, төлеген салықтары, қызметкерлер саны және сыртқы саудасы туралы ақпаратты беретін болады.

Айта кетейік, 1 қарашадан бастап салық берешегі бар кейбір компаниялар директорын ауыстыра алмайды.

Айнура Дарибаева
Сейсенбі, 27 Қазан, 2026 17:47