Трамп Венесуэланы АҚШ-тың 51-штатына айналдыруды ұсынды
АҚШ президенті Дональд Трамп Венесуэланы Америка Құрама Штаттарының құрамына қосып, елді 51-штат ету туралы ұсыныс айтты. Оның сөзінше, бұл жағдайда елде президент емес, губернатор сайлануы мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Magno News YouTube-арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Трамп мұны Техас штатында сөйлеген сөзінде мәлімдеді.
“Бәлкім, жақын арада Венесуэла гүлденген 51-штатымызға айналар. Бұл мүмкін. Ендеше, солай етейік. Оны 51-штатқа айналдырайық, ал президенттің орнына губернатор сайлайық. Қалай қарайсыздар? Түсіндіңіздер ме?”, — деді Трамп.
Трамп бұған дейін де Венесуэланы ел құрамына қосу мүмкіндігін қарастырып жүргенін айтқан. Ол Венесуэланың мол мұнай қорын иелену үшін осындай ұсыныс жасап отыр.
Алайда Венесуэла президентінің міндетін атқарушы Делси Родригес бұл ұсынысты қабылдамады. Ол ел тәуелсіздігін, егемендігі мен аумақтық тұтастығын қорғауға ниетті екенін мәлімдеді.
“Венесуэла – отар ел емес, азат мемлекет”, — деген ол.
Айта кетейік, бұған дейін 2026 жылы қаңтарда АҚШ әскери күштері Венесуэла президенті Николас Мадуро мен оның жұбайын тұтқындаған еді. Осыдан кейін мемлекет басшысының міндетін атқару Делси Родригеске жүктелген.
АҚШ билігі Венесуэла президенті Николас Мадуроға есірткі саудасына, терроризммен байланысқа және қару-жараққа қатысты ауыр айыптар таққан. Нью-Йорктегі сотта ол өзіне тағылған айыптарды мойындамай, өзін әлі де Венесуэланың заңды президенті деп мәлімдеген. Ал Каракас бұл әрекеттерді мемлекеттік егемендікті бұзу деп бағалап, халықаралық қауымдастықты АҚШ-тың әрекетіне баға беруге шақырып отыр.
Алматылықтар үй сыртындағы тарихи тақталарды алып тастауға қарсы шықты
