Атырау әкімдері қоғамдық көлікте көзге түсті
Демалыс күндері қалалық автобустарда Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов пен қала әкімі Данияр Таханов жолаушылардың көзіне түсті. Ақжағалылар қоғамдық көліктің жұмысын өз көздерімен көру үшін автобусқа мінген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Әкімдердің қоғамдық көлікке отыруына атыраулықтардың әлеуметтік желілердегі, 109 қызметі және әкімдіктің Telegram чаттардағы жиі шағымдары себеп болған. Автобусқа қатысты мәселелер аппараттық жиындарда да жиі көтерілетіндіктен, облыс және қала әкімдері жағдайды өздері тексермек болған.
Шенеуніктер №12, 14 және 59 бағыттағы автобустармен жүріп, аялдамаларды да қарап шыққан. Олар аялдамаларда павильондардың бар-жоғын, жағдайын және жолаушыларға көлікті күту қаншалықты ыңғайлы екенін тексерген.
Демалыс күні болғандықтан әкімдер лық толы автобуста қысылып тұрмаған. Бұл күні автобустағы жолаушылар саны жұмыс күндерімен салыстырғанда әлдеқайда аз болады.

Сапар қорытындысы бойынша жауапты басқармаға қалалық маршруттар желісін зерттеп, оны жақсарту жолдарын ұсынатын мамандарды табу тапсырылды.
Сондай-ақ әкімдер басқа жолаушылар сияқты жолақысын төлеген.
Бұған дейін Алматыда 170-тен астам қоғамдық көлік маршруты бойынша автобустардың желіге шығу саны мен айналым рейстері қысқартылғаны туралы жазған едік. Өзгерістер тасымалдаушыларға берілетін субсидияларды есептеуге әсер етеді.
Алматылықтар үй сыртындағы тарихи тақталарды алып тастауға қарсы шықты