Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Министрдің өзі шақырды": Экс-депутат Ринат Зайытов қорғаныс министрлігіндегі жаңа қызметі туралы айтып берді

Ринат Зайытов
Фото: Видеодан скрин

Қорғаныс министрлігінде жаңа қызметке тағайындалған экс-депутат, айтыскер ақын Ринат Зайытов өзінің жаңа жұмысы туралы, депутаттыққа не үшін орлағысы келмейтінін айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Бұл туралы экс-депутат Adal ADAM YouTube арнасына берген сұхбатында айтқан. 

Ринат Зайытов сұхбатта өзінің Қазақстан Қарулы күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығының басшысы болып тағайындалғанын мәлімдеді.

Зайытовтың сөзінше, оған жаңа қызметке орналасу туралы ұсынысты қазан айының басында Қорғаныс министрі Айдос Мырзахметов жасаған. Ол қорғаныс саласындағы өзгерістерге үлес қосқысы келетінін айтады.

"Ұжымның құрамында министрлікке қарасты ансамбль бар, оркестр, патриоттық әскери іс-шараларды ұйымдастыру, мәдени шараларды ұйымдастыру бар. Әскерге дейінгі жас сарбаздардың ұйымдарының партриоттығын арттыруды қадағалайтын орталық. Мемлекет басшысының әскери реформа жүргізу бойынша тапсырмасын орындау басталып кетті. Сол реформаның бір бөлігіне атсалыссам деген арманмен келдім", – дейді Ринат Зайытов. 

Ринат Зайытов әскердегі алғашқы өзгерістердің бірі ретінде әскери анттың өзгертілетінін  айтты. 

"Әскери антты өзгерту туралы тапсырма бар. Ол министр Айдос Сәкенұлының бірінші тапсырмаларының бірі. Көп нәрсеге басынан бастап мән беріліп жатыр. Қазіргі анттық бірінші сөйлемінен бастап-ақ қателер бар", – дейді Зайытов. 

Әскердегі бірқатар мәселе туралы айтқан Зайытов әскердегі мәселені шешудің ең жеңіл жолы шенеуніктердің балаларын әскерге жіберу екенін айтады. 

"Менің ойымша, әскердегі мәселені шешудің ең жеңіл жолы министрлердің, президент әкімшілігінде жұмыс істейтіндердің, әкімдердің балаларын әскерге жіберу. Мұны мемлекеттік қызмет туралы заңға бекітіп қою керек. Депутат кезде де айтқанмын, қазір де осындай ойдамын. Қойшының баласын жіберіп қой, менің балам бармасын деу, қазіргі әділетті Қазақстанның ұстаныма қайшы келеді", – дейді Ринат Зайытов. 

Биыл шілдеде жаңа Конституция күшіне еніп, парламенттің құрылымы өзгергеннен кейін Ринат Заитов мәжіліс депутаты қызметінен кеткен еді. 

Ринат Зайытов жаңадан құрылған Құрылтайда депутат болуға тырыспағанын айтады. 

“Аманат” партиясы “Әділет” партиясына ауысққанан кейін, бізде таңдау болды. Жаңа партияға өтуге, жаңа хатшылармен жұмыс істеуге деген секілді. Егер қаласам депутаттыққа өтуге болатын еді. Бірақ өзімде ондай ой да, талпыныс та болған жоқ. Мен депутаттыққа барған кезде, мені барлығы дүниенің құлағын ұстап кетті деп ойлады. Бірақ оның жолында мен не құрбан еттім, ешкім білген жоқ. Мен ең бірінші осы жұмыстар үшін еркіндігімді құрбан еттім, ойымның еркіндігін, жүріс-тұрысымның еркіндігін. Екінші халықтың махаббатын, мойныма артылған жауапкершілікке айырбастадым”, – дейді экс-депутат. 

Депутаттық кезеңін еске алған Зайытов парламенттегі жұмыстың өзіне жағымсыз әсер қалдырғанын жасырмады.

"Депутаттықтағы 3 жыл уақыт мен үшін өте ауыр өтті. Бұған дейін де айтқанымдый, осыдан кейін мұндай жұмысқа жоламауға тырысамын. Себебі ол жердің жауапкершілігі мен көп еңбектің еленбей қалуы көңілге қаяу салады. Сосын әріқарай жұмысқа деген құштарлығың әлсірей бастайды", – деді ол.

Бір жарым сағаттық сұхбатта Ринат Зайытов өзінің жаңа жұмыс орнында әскерге рух беретін әскери-марштық әндер жазып, балаларға қазақ жауынгерінің кескін-келбеті көрсететін мультфильм шығаратынын, Халық кеңесімен бірлескен жұмыс басталып, әскерде ағылшын тілі оқытылатынын да атап өтті.

Еске салсақ, бұған дейін экс-мәжілісмен Ринат Зайытов Қорғаныс министрлігінде қызметке тағайындалғаны туралы жазған едік.

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 27 Қазан, 2026 22:36