Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Әрбір сарбаз өзін қауіпсіз сезінуі керек": Жаңа қорғаныс министрі Қазақстан әскерінде қандай өзгерістер болатынын айтты

Айдос Мырзахметов
Фото: Қорғаныс министрлігі

Жаңа қорғаныс министрі Айдос Мырзахметов Қорғаныс министрлігінің басшылық құрамымен алғашқы жұмыс кеңесін өткізіп, қарулы күштерді реформалау бағытындағы негізгі міндеттерді атады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Кеңесте басты назар президент берген әскерді кешенді жаңғырту жөніндегі тапсырмаларды іске асыруға аударылған.

“Негізгі басымдық әскерлердің нақты жауынгерлік әзірлігін арттыруға, басқару жүйесін жетілдіруге, жауынгерлік даярлықтың сапасын көтеруге және қару-жарақ пен әскери техниканы дамытуға бағытталады”, – делінген министрлік хабарламасында. 

Сонымен қатар реформаның маңызды бағыттарының бірі ретінде әскери қызметкерлердің моральдық және жауынгерлік рухын нығайту белгіленген. 

“Командирлерге әскери ұжымдарда салауатты моральдық-психологиялық ахуал қалыптастыру, тәрбие жұмысының сапасын арттыру, сондай-ақ жеке құрамның қызмет ету жағдайларын жақсарту жөнінде міндеттер жүктелді. Әскери қызметтің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, жарғыға жат қарым-қатынастардың алдын алуға және оларға қатаң түрде жол бермеуге ерекше назар аударылуы тиіс”, – делінген хабарламада. 

Министр әскери қызметкерлерді даярлау тәсілдерін қайта қарау қажет екенін атап өтті. 

“Командирлерге жеке құрамның жоғары деңгейдегі даярлығын, бөлімшелердің үйлесімді іс-қимылын және әртүрлі жағдайларда әрекет етуге тұрақты әзірлігін қамтамасыз ету тапсырылды. Әскерлерді басқару жүйесін жетілдіру де реформаның жеке бағытына айналмақ. Бұл ретте үдерістерді одан әрі цифрландыру, артық әкімшілік рәсімдерді, есептілік пен практикалық маңызы жоқ кеңестерді қысқарту көзделіп отыр. Босатылған ресурстар әскерлердің жауынгерлік қабілетін арттыруға тікелей бағытталуы тиіс”, – делінген ақпаратта. 

Сондай-ақ әскерді материалдық-техникалық қамтамасыз ету жүйесін жетілдіру жұмыстары жалғасады. Сатып алу және ресурстарды бөлу әскерлердің нақты қажеттіліктері мен жауынгерлік даярлықтың басым бағыттарын ескере отырып, жүзеге асырылуы тиіс. 

Министр бюджет қаражатын ұтымды әрі тиімді пайдалануды қамтамасыз етуді, тиімсіз шығындарға жол бермеуді және қабылданатын шешімдердің ашықтығын арттыруды тапсырды.

"Әскер есептік көрсеткіштер мен көзбояушылық іс-шаралар үшін емес, нақты нәтижеге қол жеткізу үшін дамуы керек. Әрбір үдеріс, әрбір шешім және бөлінген әрбір ресурс практикалық нәтижеге ие болып, Қарулы күштердің жауынгерлік қабілетін арттыруға бағытталуы тиіс. Әрбір сарбаз өзін қауіпсіз сезінуі керек”, – деді қорғаныс министрі.

Айта кетейік, Каспийдегі сарбаздардың қазасынан кейін Тоқаев қорғаныс министрі қызметіне Айдос Мырзахметовті тағайындаған еді. Президент жаңа қорғаныс министріне әскердегі басқару жүйесін жетілдіруді тапсырды.

Еске салсақ, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде ауа райы күрт нашарлап, жел күшейген. Соның салдарынан 19 әскери қызметкерді теңізге алып кеткен. Алғашқы ресми мәліметте тоғыз әскери қызметкердің қаза тапқаны, үшеуінің құтқарылғаны хабарланған еді.

Кейін іздестіру жұмыстары барысында тағы екі әскери қызметкердің денесі табылғаны хабарланды. Осылайша, қаза тапқандар саны 14 адамға жетті. Үш әскери қызметкер құтқарылды. 

Оқиғаның мән-жайын анықтау және іздестіру-құтқару жұмыстарын үйлестіру үшін өңірге қорғаныс министрі Дәурен Қосанов бастаған арнайы комиссия жіберілген. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу Бас прокуратураның ерекше бақылауына алынды.

Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Ақтау маңында әскери қызметшілердің қаза болуына қатысты Қылмыстық кодекстің 453-бабының 2-бөлігі (Ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау) және 465-бабы (Кеме жүргізу ережелерін бұзу) бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.

24 қыркүйек күні сағат 22:30-да Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен Маңғыстау облысындағы әскери оқу-жаттығу кезінде әскери қызметкерлердің қаза болуына байланысты құрылған Үкіметтік комиссияның отырысы өтті.

Отырыста тергеу аясында ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылғаны, тергеу және жедел-іздестіру іс-шараларының кешені жүргізіліп жатқаны, сондай-ақ мамандар тартылып, қажетті сот сараптамалары тағайындалғаны айтылды.

Қайғылы оқиғаға байланысты Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 25 қыркүйекті жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.

Дана Русланқызы
Дүйсенбі, 28 Қыркүйек, 2026 21:25