Қазақстандықтар балабақшаларда Жаңа жылдық ертеңгіліктер өтпейтініне наразы: Министрлік жауап берді
Биыл елдегі бірнеше мемлекеттік балабақшада Жаңа жылға арналған ертеңгіліктер өтпейтіні айтылды. Мұны Threads желісінде ата-аналар жарыса жазып жатыр. Алайда бұл шешім барлық балабақшаға қатысты емес. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ата-аналардың айтуынша, кей балабақшада тек Әз наурыз бен 8 наурыз мерекесін атап өту туралы шешім қабылданған. Мұны Алматы тұрғыны Threads желісінде жазды. Ол баласы баратын балабақшада бұдан былай күзгі бал да, Республика күніне арналған шара да, Жаңа жыл мерекесі де өткізілмейтінін айтқан.
“Мемлекеттік балабақшаға баратын ата-аналарға сұрағым бар еді. Сіздерде де ертеңгіліктерді тоқтатты ма? Енді бізде Жаңа жыл болмайды, Наурызға басымдық берілмек. Басқа балабақшаларда да осындай жағдай ма”, – деп жазды ата-ананың бірі.
Жазбаға пікір білдірген басқа ата-аналар да осындай жағдайға тап болғанын айтты. Елдің түкпір-түкпіріндегі бірнеше балабақшада Жаңа жыл ертеңгіліктері өткізілмейтіні хабарланған. Кей ата-аналар шешімнің әлі түпкілікті қабылданбағанын жазса, енді бірі мерекелерді өткізуге рұқсат берілгенін жеткізген.
“Алматыдағы №22 балабақшада да Жаңа жыл болмайтынын айтты. Бірақ біз наразылық білдіруді жоспарлап отырмыз. Балалардан бәрін тартып алып жатыр”, – деп жазған ата-аналардың бірі.

Ал осы балабақшаға баратын тағы бір баланың анасы Жаңа жыл мерекесін акт залында өткізуге рұқсат берілмегенін, бірақ топ ішінде атап өтуге болатынын айтқан.
Бір ата-ана 2024 жылы да Жаңа жыл мерекесін өткізуге алғашында рұқсат берілмегенін, кейін шешім өзгеріп, мереке өткенін айтты.

Мұндай жағдай Алматыда ғана емес, өзге өңірлерде де кездескені айтылды. Ақтау, Жезқазған және Қарағанды қалаларындағы ата-аналар да балабақшаларда ертеңгілік өтпейтінін жазған.

Тиісті орган өкілдері не дейді?
Алматы қаласының Білім басқармасы балабақшаларда Жаңа жыл ертеңгіліктерін тоқтату туралы ешқандай бұйрық немесе өкім шығарылмағанын мәлімдеді.
“Жаңа жылдық ертеңгіліктерді бірыңғай форматта өткізу немесе оларға ата-аналардың міндетті түрде қатысуы талап етілмейді. Мектепке дейінгі ұйымдар балалардың жас ерекшеліктері мен қауіпсіздік талаптарын ескеріп, мерекелік іс-шаралардың форматын өздері белгілейді. Ең бастысы – балалар үшін жайлы, қуанышты әрі қауіпсіз орта қалыптастыру”, – деп хабарлады басқарма.
Ал Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, мектепке дейінгі ұйымдарда мерекелік іс-шараларды ұйымдастыру тәртібі балалардың жас ерекшеліктері мен жеке қажеттіліктеріне қарай айқындалады.
“Мектепке дейінгі ұйымдарда іс-шаралар, мерекелер мен бос уақытты ұйымдастыру балалардың жас және жеке ерекшеліктерін ескеріп, балабақшаның жылдық жоспарына сай жүзеге асырылады. Жылдық жоспарға “Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы” заңның 2 және 3-баптарында көрсетілген мерекелер енгізіледі”, – деп хабарлады министрлік.
Бұл заңда не жазылған?
2001 жылы 13 желтоқсанда қабылданған “Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы” заңның 2-бабында ұлттық мереке – 25 қазанда атап өтілетін Республика күні екені көрсетілген. Ал 3-бапта мемлекеттік мерекелердің тізімі берілген. Олардың қатарында 1–2 қаңтарда атап өтілетін Жаңа жыл мен 21–23 наурыз аралығындағы Наурыз мейрамы бар.
Демек Жаңа жыл да, Наурыз да заңда мемлекеттік мерекелер ретінде көрсетілген. Заңда мерекенің ресми мәртебесі белгіленген, ал оны балабақшада қалай атап өту кереігі нақты жазылмаған. Сондықтан әр балабақша мерекелік іс-шараның форматын өз бетінше анықтайды.
Алматылықтар үй сыртындағы тарихи тақталарды алып тастауға қарсы шықты