Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Автобус есігі жабылмай қалады": Алматылықтар қарбалас уақытта қоғамдық көлікке сыймайтынына шағымдануда

Жолаушылар Алматы сыймай жатыр
Фото: Сюжет кадрларынан скрин

Алматылықтар қарбалас уақытта қоғамдық көлікке сыймайтынына шағымданды. Тұрғындардың айтуынша, автобустар лық толып, метро станцияларында жолаушылар кезекке тұруға мәжбүр. Ал қала әкімдігі қоғамдық көліктің кешігуі олардың санының жетіспеушілігінен емес екенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Тұрғындар қарбалас уақытта қоғамдық көлікке сыймай, кейде баратын жеріне жаяу жетуге мәжбүр екенін алға тартты. Айтуынша, таңертең және кешке жолаушылар саны артып, автобустың ішіне бәрі бірдей сыя бермейді. Кейбір автобустардың есігі де жабылмайтындай дәрежеде толып кетеді.

“Кешке Мұхтар Әуезов станциясынан метроға отырамын. Кейде пойызға сыймай қалып, екіншісін, тіпті үшіншісін күтуге тура келеді. Қарбалас уақытта ыстық болып, ұстап тұратын жер де табылмайды”, – дейді қала тұрғыны.

“Түскі уақытта адам өте көп болды, вагон лық толды. Бұл уақытта осы жерден студенттер көп қатынайды”, – дейді тағы бір жолаушы.

Тұрғындар метро станцияларында да жағдай күрделі екенін алға тартты. Жолаушылар көп жиналып, турникеттер алдында ұзын-сонар кезек пайда болады.

Әкімдік өкілдерінің түсіндіруінше, жолаушылардың шамадан тыс жиналуына кейде бірнеше автобустың бір уақытта келуі себеп болады. Содан кейін жолаушылардың бір бөлігі метроға ауысады.

Алматы қаласы Жол қозғалысын ұйымдастыру және жолаушылар көлігі басқармасының бас маманы Ержан Чегебаевтың сөзінше, көлік кептелісі қоғамдық көліктің қозғалыс аралығы мен кестесінің бұзылуына әкеледі.

"Қазір қоғамдық көлік қозғалысында қиындықтар бар. Бұған қаладағы қатты кептелістер себеп. Соның салдарынан автобустардың жүру аралығы мен кестесі бұзылады. Дегенмен диспетчерлік қызметтер қозғалыс аралығын реттеу үшін қажетті шаралардың бәрін қабылдап жатыр", – деді ол.

Алматының жауапты мамандары да бұл мәселеге назар аударған. Олардың айтуынша, күн сайын желіге 3 200 автобус шығады.

Еске салсақ, бұған дейін Алматы неге кептелістен көз ашпайтына басты себепті урбанист айтып берген еді.

Гүлсезім Мұхатай
Сенбі, 17 Қазан, 2026 12:55