Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкентте 21 жасқа толмаған адамға энергетикалық сусын сатқан дүкеншіге 216 мың теңге айыппұл салынды

сусын
Фото: pexels.com

Шымкентте 21 жасқа толмаған адамға энергетикалық сусын сатқан дүкен қызметкеріне 216 мың теңгеден астам айыппұл салынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Оқиға 2026 жылғы 8 қыркүйекте Шымкенттегі Тассай тұрғын алабында орналасқан азық-түлік дүкенінде болған.

21 жасқа толмаған адамға энергетикалық сусын сату ісі Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі сотында қаралды. 

Сотта сатушының кінәсі өз мойындауы, берген түсініктемесі және полиция қызметкерлері рәсімдеген заттай дәлелдемелерді алу актісі арқылы дәлелденген. Ер адам жасаған әрекетіне өкініп, жазаны жеңілдетуді өтінген.

"Сот істің мән-жайын ескере отырып, оны Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 423-1-бабының 1-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танып, 216 250 теңге көлемінде айыппұл салды", – делінген хабарламада.

Сот қаулысы әлі заңды күшіне енген жоқ.

Еске салсақ, Қазақстанда энергетикалық сусындарды 21 жасқа толмағандарға сатқандарға айыпппұл салынатыны туралы хабарлаған болатынбыз.

Гүлсезім Мұхатай
Сенбі, 17 Қазан, 2026 11:57