Камбоджа премьер-министрі Хун Манет Қазақстанға ресми сапармен келді
Қазақстанға Камбоджа Корольдігінің Премьер-министрі Хун Манет келді. Ақордада оларды қарсы алу рәсімі өтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Хун Манет Қазақстанға ресми сапармен келді.
“Салтанатты іс-шара барысында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Хун Манет бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылы ротасының бастығы рапорт берген соң Президент оркестрі екі елдің әнұрандарын шырқады”, – делінген хабарламада.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Камбоджа Премьер-министрі Хун Манет шағын құрамда келіссөз жүргізді. Тоқаев мәртебелі мейманға ілтипат білдіріп, бұл сапар екіжақты қарым-қатынасқа тың серпін беретінін және өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту перспективасына жол ашатынын айтты.
“Сапарыңыздың тарихи мәні зор деп санаймын. Өйткені бұған дейін Камбоджа премьер-министрлерінің Қазақстанға жолы түспеген. Ал Сіздің қазақ жерімен жеке байланысыңыз бар. Әкеңіз 1982 жылы елімізге келген екен. Бүгін екіжақты қарым-қатынастың ауқымды мәселелерін талқылаймыз. Қазақстан халқының еліңізге ықыласы ерекше. Көптеген отандасымыз Камбоджаға барып, оның көрікті жерлерімен танысқысы келеді. Елдеріміз арасында тікелей әуе қатынасын ашу мәселесін пысықтауымыз қажет. Сондай-ақ гуманитарлық саладағы байланыстарды жандандырғанымыз жөн”, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Қазақстан мен Камбоджа табиғи байлығы мол елдер санатында екенін және аталған саладағы ықпалдастықты кеңейтуге болатынын жеткізді.
Сонымен қатар келіссөздер барысында сауда-экономикалық байланыстарды нығайту мәселелері қарастырылатынын жеткізді.
Камбоджа Премьер-министрі Қазақстанға шақырғаны үшін Тоқаевқа алғыс айтып, екі ел арасындағы дипломатиялық байланыстар орнағанына 30 жылдан асқанын атап өтті
“Бүгін энергетика секторындағы ықпалдастықты тереңдету мүмкіндігі туып отыр деп ойлаймын. Ведомстволарымызға өзара мүдделі бағыттарды анықтауды тапсыра аламыз. Қазақстан электронды үкімет бойынша айтарлықтай табысқа қол жеткізді әрі озық әзірлемелерге ие. Біздің министрліктеріміз осы салада тәжірибе алмасуға қызығушылық танытып отыр”, – деді Хун Манет.
Кездесу барысында тараптар саяси диалогты, сауда-экономикалық байланыстар мен көпжақты алаңдардағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейту жайын жан-жақты талқылады.
Еске салсақ, бұған дейін Тоқаев Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиевпен кездескен еді.
"Киімдегі жалаңаш қыздар": Дене бітімін айқындайтын хиджаб үлгісі қазақстандықтардың сынына қалды