Ғалымдар алғаш рет жасыл түсті жұлдызды анықтады
Ғалымдар алғаш рет жасыл түспен жарқырайтын жұлдызды анықтады. Ол Жерден 280 жарық жылы қашықтықта орналасқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Reuters порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Ақ ергежейлілер – ядролық отыны таусылып, сыртқы қабаттарын жоғалтқан жұлдыздардың қалдығы. Олардың көлемі Жермен шамалас болғанымен, массасы Күннің жартысына жуық.
Ұлыбританиядағы Уорик университетінің ғалымдары ақ ергежейлілерден шығатын жарық адам көзіне қандай түспен көрінетінін зерттеген. Зерттеу нәтижелері 15 қазанда RAS Techniques and Instruments журналында жарияланды.
Ғалымдар жұлдыздардың түсін олардың жарық спектрі арқылы есептеген. Яғни жарықтың әртүрлі толқын ұзындығын зерттеп, алынған мәліметтерді адамның көру қабілетін модельдейтін жүйе арқылы өңдеген. Осылайша жұлдыздарға жақыннан қарағанда олардың қандай түспен көрінетінін анықтаған.
Қалыпты жұлдыздардың түсі негізінен температурасына байланысты. Салқындау жұлдыздар қызғылт сары, Күн сияқты жұлдыздар ақ, ал өте ыстық жұлдыздар көгілдір болып көрінеді. Алайда ақ ергежейлілердің тығыз атмосферасында аз мөлшердегі бөгде заттардың өзі олардың түсін өзгерте алады.
WD J1330+6435 жұлдызының атмосферасына өз планеталық жүйесінен қалған тасты бөлшектер түскен. Соның салдарынан оның құрамында кальций, литий және натрий көбейген.
Натрий гелий атомдарымен әрекеттескен кезде жарықтың сары, қызғылт сары және қызыл түстерінің бір бөлігін жұтады. Ал кальций күлгін түсті жарықты сіңіреді. Осы құбылыстардың нәтижесінде жұлдыз сарғыш-жасыл түске енген.
"Планетаның бетінде тұрып, жасыл жұлдызға қарап тұрғаныңызды елестетіп көріңіз. Бұл ғылыми фантастикадағы көрініске ұқсайды", – деді зерттеу жетекшісі, астрофизик Марк Холландс.
Ғалымдар Жерден 48 жарық жылы қашықтықта орналасқан WD J1011+2845 жұлдызын да зерттеген. Оның түсі албырт қызғылт. Зерттеушілердің болжамынша, бұл ғылымға белгілі ең қызыл жұлдыз болуы мүмкін. Мұндай түске жұлдыздың ішкі қабаттарынан бетіне көтерілген көміртек әсер еткен.
Сондай-ақ зерттеу тобы Жерден шамамен 65 жарық жылы қашықтықтағы 151 ақ ергежейліні зерттеген. Олардың бесеуінен ерекше түс анықталды: екеуі сары, үшеуі қызғылт түсті болып шыққан.
Ғалымдардың бағалауынша, ақ ергежейлілердің шамамен әр отызыншысы осындай ерекше түске ие болуы мүмкін.
Қазақстанда жақынынан айырылған қызметкерлер бір реттік төлем ала алады
