Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Атырауда вокзалды жөндеу кезінде жұмысшы бес метр биіктіктен құлап кетті

Каска
Фото: pexels.com

Атырауда теміржол вокзалын қайта жаңғырту кезінде 42 жастағы жұмысшы бес метр биіктіктен құлап, ауыр жарақат алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Ақжайық” басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Оқиға 15 қазанда күннің бірінші жартысында болған. 42 жастағы ер адам бес метр биіктіктегі құрылыс сатыларынан құлап кеткен.

Жарақат алған жұмысшыны облыстық ауруханаға жеткізген. Алдын ала мәлімет бойынша, ол нейрохирургия бөлімінде жатыр. Оған ота жасалуы мүмкін. Жанында болған тағы бір жұмысшы да жеңіл жарақат алған деген ақпарат бар. Медициналық тексеруден кейін оны үйіне жіберген.

Теміржол вокзалын қайта жаңғырту жұмыстары биыл наурызда басталған. Оны "Батыс Альянс Строй" ЖШС жүргізіп жатыр. Бір қызығы, 4 шілдеде "Қазақстан темір жолы" басқарма төрағасы Талғат Алдыбергенов нысанды тексеру кезінде құрылыс жұмыстарының ұйымдастырылуын сынға алған. Ол еңбек және өндірістік қауіпсіздік талаптарының сақталмайтынын, мердігерлердің жұмысы жеткілікті бақыланбайтынын, сондай-ақ жұмысшылар мен техниканың жетіспейтінін айтқан. Сол кезде ҚТЖ басшылығы анықталған кемшіліктерді жоюды талап еткен.

Кейін Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов құрылыс жұмыстарын екі ауысымға ауыстырып, жұмысшылар санын көбейтуді тапсырған. Жұмыстарды бастапқыда 2026 жылғы қыркүйекте аяқтау жоспарланғанымен, соңғы мерзім ретінде қазан белгіленген.
"Ақ Жайық" басылымы оқиғаның мән-жайын облыстық полиция департаментінен, ал зардап шеккен жұмысшының жағдайын денсаулық сақтау басқармасынан анықтап жатыр.

Еске салсақ, бұған дейін Ақтөбе облысында ҚТЖ-ның екі жұмысшысы бензин құю кезінде өрт болып, күйіп қалған еді. 

Гүлсезім Мұхатай
Сенбі, 17 Қазан, 2026 11:28