Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қолым мен аяғымнан айырылдым": Атырау мұнай өңдеу зауыты жұмысшыға берген уәдесін орындамай отыр

оооооо
Фото: Бейнероликтен үзінді

Атырау мұнай өңдеу зауытында пойыз құрастырушы болып жұмыс істеген Мейрамбек Ғалымжан бір жылдан бері әділдікке қол жеткізе алмай келеді. Қазір жұмысқа жарамсыз. Қолы мен аяғынан айырылған. Кәсіпорын барлық шығынды өтейміз деп ақыры уәдесін орындамаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Мейрамбектің сөзінше, 2025 жылдың 17 қаңтарда жұмысынан жарақат алып, салдарынан қолы мен аяғынан айырылып қалған. Сөзінше, өз жұмысын техникалық қауіпсіздікті сақтай отырып істеген.

“Атырау мұнай өңдеу зауыты тарапынан көптеген қателіктер болды. Дәлірек айтар болсақ, 17 вагон қоятын жерге 25 вагон қойған. Сигналдар дұрыс бақыланбаған, айта берсек, ол жерде өте көп қателіктер бар. Соған қарамастан Еңбек инспекциясы мені 70%, ал мекемені 30% кінәлі етіп шығарып берді”, – деді Мейрамбек Ғалымжан.

 Ғалымжанның айтуынша, басында басшылық болған оқиғадан кейін жағдайын жасап беретінін айтып, уәде берген. 

“Маған барлық жағдайды жасап, жұмыс тауып беретінін, тіпті жеке штат ашатынын айтып уәде берді. "Уайымдама, далада қалдырмаймыз" деген соң, әрине, мен сендім. Күттім, бірақ ешқандай көмек болмады”, – деді Мейрамбек Ғалымжан.

Жігіттің сөзінше, АМӨЗ басшылығы жас жігітке тіпті дәрі-дәрмегіне дейін алып бермеген. Жігіт өз емінің ақшасын өзі қалтасынан шығарып отырған. Қазір 2-топ мүгедектігін алған. Жігіттің басшылыққа қолы мен аяғына протез керек екенін айтып, талап қойды. 

“Басшылықтан тек материалдық залалдың толыққанды өтелуін сұраймын. Мен өзіме керек затты әлі күнге дейін ала алмай отырмын. Халықтың алдына шығып, соттасып жүрмесем, жүре беремін. Далада қаламын”, – деді жас жігіт.

Қоғам белсендісі Рүстем Баязиевтің сөзінше, Мейрамбек Ғалымжан отбасында үйінің үлкені және жалғыз асыраушысы. Әкесінен ерте жасынан айырылған. 

 

Оқиғаға қатысты еңбек инспекциясы да жауап берді. Олардың мәліметінше, 2025 жылғы 23 қаңтар мен 12 ақпан аралығында жазатайым оқиға бойынша арнайы тергеп-тексеру жүргізген. Тексеріс нәтижесінде, оқиғаға қызметкердің өрескел абайсыздығы және еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жөніндегі нұсқаулық талаптарын сақтамауы себеп болған.

"РТИ-АНПЗ" ЖШС басшылығына мыналар ұсынылды:

  • орын алған оқиғаның мән-жайлары мен себептерін персоналдың назарына жеткізу;
  • маневрлік жұмыстарды қауіпсіз ұйымдастыру бойынша қосымша практикалық сабақтар ұйымдастыру;
  • еңбекті қорғау талаптарының сақталуына бақылауды күшейту. Зардап шеккен адамға Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес оның әлеуметтік қорғауға қатысты заңды құқықтары түсіндірілді.
“Сондай-ақ, аталған жазатайым оқиға АКТ бойынша шағымдану тәртібімен зардап шеккен азаматтың өтініші негізінде бас мемлекеттік инспектордың қарауынан өтті”, – деп мәлімдеді Еңбек инспекциясы.

Кейін Рүстем Баязиев өзінің парақшасына аппеляциялық сотты жеңіп, сот алқасы Мейрамбек Ғалымжановтың тарапына шешім қабылдағанын мәлімдеді.

“Әрі қарай қылмыстық істің нәтижесін көреміз. Атырау облысының полиция департаменті анықтау бөлімі, жан-жақты тергеп сотқа жіберіп әділ шешім шығады деген сенімдеміз”, – деп жазды Рустем Баязитов.

Еске сала кетейік, Желіде Жетісу облысындағы далада адасып кеткен малшы қарияның видеосы тарады. Оны жергілікті азамат тауып алып тамақтандырып, үйінде қондырған. Қазақстандықтар қарияның сырт келбетіне қарап, құлдыққа түскен деп болжам айтып, оның қауіпсіздігіне алаңдап жатыр.

Ислам Әден
Сейсенбі, 29 Қыркүйек, 2026 18:29