Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астанада жатақхана коменданты 5 жыл бойы студенттерден заңсыз ақша жинап келген

Теңге
Фото: Stan.kz

Астанада бірнеше жыл бойы студенттерден ақша жинап келген жатақхана комендантына қатысты сот үкімі шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Сот мәліметінше, жатақхана комендантының бес жыл бойы студенттер мен жоғары оқу орны қызметкерлерінен ай сайын 14 300 теңгеден жинап келгені анықталған. Ол бұған университет басшылығының тапсырмасын сылтау еткен, алайда мұндай тапсырма шын мәнінде болмаған.

Келтірілген шығын көлемі 3 миллион теңгеден асқан.

“Сонымен қатар сотталушы ақша алу мақсатында университеттің құжаттарын қолдан жасап, өзінің жұмыс компьютерін пайдалана отырып, "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясына 1 жылға уақытша тұруға тіркеу туралы анықтамалар рәсімдеу жөнінде тиісті өтініштер жолдаған. Нәтижесінде 2024 жылғы 16 қыркүйек пен 2025 жылғы 13 ақпан аралығында университет жатақханасында 57 шетелдік азаматты тіркеген. Олардың әрқайсысын тіркегені үшін 40 000 теңгеден алған”, – делінген сот хабарламасында. 

Айыпталушының кінәсі жәбірленуші өкілінің, куәлардың айғақтарымен, сараптамалардың қорытындыларымен, заттай дәлелдемелермен және қылмыстық іс материалдарымен дәлелденген.

Айыпталушының өзі кінәсін мойындамай, өзін ақтауды сұраған.

Күдікті әйел адам қылмыстық кодекстің бірден үш бабы бойынша кінәлі деп танылды.

“Жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтардың мән-жайлары мен ауырлығын, сондай-ақ келтірілген залалдың өтелмегенін ескере отырып, сот қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша сотталушыға 2 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады”, – делінген хабарламада. 

Сондай-ақ сотталушы 3 жыл мерзімге ұйымдық-өкімдік және әкімшілік-шаруашылық функцияларды жүзеге асыруға байланысты лауазымдарды атқару құқығынан айырылды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Еске салсақ, бұған дейін Түркістан облысында мұғалімдер мектеп директорын ақша жинап, қысым көрсетті деп айыптағаны туралы жазған едік.

Дана Русланқызы
Дүйсенбі, 28 Қыркүйек, 2026 20:48