Қазақстанда туған алғашқы кертағыларға Ботай мен Тұмар деген есім берілді
Қазақстан даласында алғаш рет дүниеге келген кертағылардың (Пржевальский жылқысы) екі құлынына Ботай және Тұмар есімі берілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Құлындар биыл жазда “Алтын Дала” мемлекеттік табиғи резерваты аумағындағы “Әліби” жабайы тұяқтыларды реинтродукциялау орталығында туған. Қазір екеуінің де жасы бір айдан асты. Олар күн өткен сайын белсенді болып, айналаны зерттеп, үйірімен бірге жүруге бейімделіп келеді.
Ботай мен Тұмар кімнің құлындары?
Ботай – Тесса есімді биенің, ал Тұмар – Умбраның төлі.
Екі бие де 2024 жылы Германиядағы Берлин Тирпаркінен Қазақстанға әкелінген. Биыл олар алғаш рет құлындады.
Құлындарға қойылған есімдердің де өзіндік мәні бар.
Ботай атауы адам мен жылқы арасындағы ежелгі байланысты айғақтайтын Ботай археологиялық мәдениетіне байланысты таңдалған.
Ал Тұмар – қазақ халқының танымында қорғаныш пен амандықтың символы.
Қазақ даласында жаңа ұрпақ дүниеге келді
Кертағыларды Қазақстанға әкелу – бұл жануарларды өздерінің тарихи мекеніне қайта қоныстандыру жобасының бастамасы болды. Ал Ботай мен Тұмардың дәл Қазақстан даласында дүниеге келуі жобаның жаңа кезеңге өткенін көрсетеді. Демек енді кертағылар мұнда тек әкелініп қоймай, көбейіп, өз төлдерін дүниеге әкеле бастады.
Қазір екі құлын да мамандардың бақылауында. Олар біртіндеп табиғи ортаға бейімделіп, үйірімен бірге өмір сүруге және кейін өздігінен тіршілік етуге үйренеді.
Ботай мен Тұмар – Қазақстанға әкелінген кертағылардың алғашқы төлдері әрі қазақ даласында туған жаңа ұрпақтың алғашқы өкілдері.
Айта кетейік, бұған дейін Қарағанды хайуанаттар бағында алғаш рет амур жолбарыстарының жаңа туған күшіктері көрсетілгені туралы жазған едік.
Таразда жүкті әйелді жаяу жүргіншілер өткелінде көлік қағып кеткен: Ол сараптама жасалғанына жүргізілмегеніне шағымданды
