Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Конвейерден жасанды интеллектке дейін: Қазақстанның автокөлік өнеркәсібі қалай өзгеруде

Allur баспасөз қызметі
Фото: Allur баспасөз қызметі

 

Қыркүйектің соңғы жексенбісінде Қазақстанда Машина жасаушылар күні аталып өтеді. Осыдан он жыл бұрын елдегі автокөлік өндірісі экономикадағы шағын салалардың бірі саналатын. Бүгінде жағдай өзгерді. Автоөнеркәсіп отандық машина жасаудың ірі бағыттарының біріне айналып, оның айналасында жаңа өндірістер, мамандықтар мен инженерлік құзыреттер қалыптасып келеді.

Автокөлік өндірісінің қалай өскені, жаңа технологиялардың салаға қалай енгені және бұл өзгерістер еңбек нарығына қандай әсер еткені туралы Allur автокөлік компаниясы EnergyProm порталына берген мәліметінде айтып берді.

EnergyProm дерегінше, 2015 жылы Қазақстанда 15 мыңнан сәл ғана астам автокөлік өндірілген. Ал 2025 жылдың қорытындысында бұл көрсеткіш 175 мыңға жуықтады. Оның ішінде жеңіл көліктердің саны шамамен 159 мыңға жеткен.

Өндіріс көлемі биыл да артып келеді. 2026 жылдың алғашқы сегіз айында елімізде 126 мыңнан астам автокөлік шығарылған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 31%--ға көп. Өндірістің негізгі бөлігі Қостанай мен Алматыдағы ірі автокөлік кәсіпорындарына тиесілі.

Алайда саладағы өзгеріс көлік санымен ғана өлшенбейді. Қазақстандағы зауыттар өндірісті біртіндеп күрделендіріп, жаңа технологияларды енгізіп, көлік бөлшектерін ел ішінде жасаудың ауқымын кеңейтіп келеді.

Автоөнеркәсіптің алғашқы кезеңінде негізгі міндет көлікті құрастыратын өндіріс орындарын іске қосу болса, қазір кәсіпорындар өндірістің келесі сатыларына көшіп жатыр. Атап айтқанда, көлік кузовтарын дәнекерлеу, бояу, өндіріс желілерін автоматтандыру, роботтандырылған жүйелерді қолдану және жекелеген бөлшектерді шығару жұмыстары жолға қойылып жатыр. 

Қазақстанда қазірдің өзінде автокөлік орындықтары, шиналар, мультимедиялық жүйелер мен басқа да бөлшектер өндіріледі. Яғни көлік жасау біртіндеп шетелден дайын бөлшек әкеліп, оны құрастырудан ішкі өндірісті дамытуға қарай бет алып келеді.

Өндіріс күрделенген сайын оған қажет мамандардың да бейнесі өзгерді.

Бүгінде автозауытқа конвейер басында жұмыс істейтін қызметкер ғана емес, инженер, технолог, автоматтандыру және мехатроника маманы, бағдарламашы, робототехника инженері, сапаны бақылау сарапшысы қажет.

Бұрын адамның қолымен орындалған көптеген жұмыс қазір цифрлық жүйелердің, заманауи өндірістік жабдықтардың көмегімен атқарылады. Өндірістегі мәліметтерді талдау, ақауды автоматты түрде анықтау, роботтарды басқару секілді міндеттер де күннен-күнге маңызды бола түсуде. 

Автозауытқа енді қандай маман керек?

EnergyProm мәліметінше, соңғы он жылда бұл өзгеріс еңбек нарығынан да анық байқалады. 2016 жылы Қазақстандағы автокөлік, тіркеме және жартылай тіркеме өндірісінде шамамен 1,6 мың адам еңбек еткен. Ал 2026 жылдың ортасына қарай олардың саны 10 мыңға жуықтаған.

Дегенмен маман тапшылығы әлі де өзекті. Ғылым және жоғары білім министрлігінің бағалауынша, алдағы үш жылда бұл салаға 10 мыңнан астам инженерлік және жұмысшы маман қажет болады.

Сондықтан кадр даярлау тәсілі де өзгеріп жатыр. Енді жас маманды университет бітірген соң ғана өндіріске тарту жеткіліксіз. Автокөлік компаниялары оқушыларды мектеп қабырғасынан бастап инженерлік мамандықтарға қызықтыруға тырысып жатыр.

Ол үшін робототехника, 3D-модельдеу үйірмелері ұйымдастырылып, кәсіби бағдар беру бағдарламалары өткізіледі. Университет студенттері өндірістік тәжірибеден өтіп қана қоймай, нақты өндірістік мәселелерді шешуге де қатыса бастады.

 

Мысалы, EnergyProm мәліметінше, Allur компаниясы мектептермен және жоғары оқу орындарымен бірлесіп жұмыс істейді. Студенттер нақты өндірістік міндеттермен танысып, өз білімін іс жүзінде сынай алады.

Сондай жобалардың бірінде Қостанай өңірлік университетінің студенттері автокөліктің боялған бетіндегі ақауларды анықтауға көмектесетін жасанды интеллект жүйесін әзірлеген.

Бұл бір ғана жоба болғанымен, оның астарында автокөлік өндірісінің қаншалықты өзгергенін көруге болады. Бұрын машина жасау десе көз алдымызға ең алдымен ауыр темір, станок пен конвейер елестейтін. Қазір олардың жанында бағдарламалау, компьютерлік көру технологиясы, роботтар мен жасанды интеллект қатар жұмыс істейді.

Ендігі міндет – көлік санынан бөлек, білім мен технология өндіру

Қазақстан соңғы он жылда автокөлік өндірісінің көлемін едәуір арттырып, жаңа өндірістік қуаттар қалыптастырды. Ендігі кезеңде басты мәселе – осы өндірістің айналасында отандық технологияны, бөлшек шығаруды және өз инженерлер мектебін қалыптастыру.

Өйткені автокөлік өнеркәсібінің жетістігін тек конвейерден қанша көлік шыққанымен өлшеу аздық етеді. Оның шынайы нәтижесі – ел ішінде қанша жаңа технология жасалды, қанша маман дайындалды және өндірісте қанша жаңа мүмкіндік пайда болды деген сұрақтардан да көрінеді.

Бүгінгі автозауыт – жай ғана көлік құрастыратын орын емес. Ол инженерия, цифрлық технология және жасанды интеллект тоғысатын жаңа өндірістік ортаға айналып келеді.

Allur баспасөз қызметі
Фото: Allur баспасөз қызметі

 

Stan.kz
Дүйсенбі, 28 Қыркүйек, 2026 19:28