Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Әл-Фараби даңғылындағы жол апаты: Полиция қызметкеріне қатысты сот үкімі шықты

Әсет Жақсылықов
Фото: t.me/kozachkow

Алматыда полиция департаменті басшысының бұрынғы орынбасары Ержан Ұзабаевтың жүргізушісі Әсет Жақсылықовқа қатысты сот үкімі жарияланды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Бұрынғы полиция қызметкері ауыр зардаптарға әкелген қызметтегі әрекетсіздігі үшін кінәлі деп танылды.

Айыптау нұсқасына сәйкес, полиция қызметкері Александр Пактың алкоголь ішкенін білген, бірақ оның көлік тізгініне отыруына кедергі келтірмеген. Кейін оның көлікті қауіпті жүргізіп келе жатқанын көре тұрып, тоқтауын талап етпей, полиция жасағын шақырмаған.

Сот оны 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды. Сонымен қатар ол полиция сержанты атағынан айырылды.

Судья ішкі істер органдарының қызметкерлері атқаратын лауазымына қарамастан, қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылық туралы арыз не хабарлама түскен жағдайда немесе құқық бұзушылықты тікелей анықтаған кезде заңға қайшы әрекеттердің жолын кесуге, көмекке мұқтаж адамдарға көмек көрсетуге, қоғам мен оқиға орнын қорғауға, сондай-ақ жақын маңдағы ішкі істер органдарына хабарлауға міндетті екенін атап өтті.

Сонымен қатар сот Алматы қаласы полиция департаментінің бастығына жеке қаулы шығарды. Онда департаменттің құрылымдық бөлімшелерінде бұрын жұмыс істеген сотталушының ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны көрсетілген. Сот сыбайлас жемқорлықтың орын алуына ықпал еткен себептер мен жағдайларды анықтап, оларды жою және мұндай құқық бұзушылықтардың алдағы уақытта қайталануына жол бермеу шараларын қабылдауды тапсырды.

Жол апаты туралы толығырақ

21 наурыз күні Алматыдағы Әл-Фараби даңғылы мен Меңдіқұлов көшесінің қиылысында жантүршігерлік жол апаты болды. Салдарынан үш адам қаза тапты.

Zeekr маркалы автокөліктің жүргізушісі батыс бағытта келе жатып қарсы жолаққа шығып, жолдағы қарсы бағыттағы Mercedes көлігімен соқтығысқан. Апат салдарынан 29 жастағы Mercedes жүргізушісі мен 20 және 23 жастағы екі жолаушы оқиға орнында көз жұмды. Zeekr көлігінің жүргізушісі әртүрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді.

Айта кетейік мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов те Әл-Фараби даңғылында үш адамның өмірін қиған жол апатына Алматы полиция департаментінің жоғары лауазымды қызметкерінің қатысы болуы ықтимал екенін мәлімдеді.

Артынша, жол апатына байланысты полиция департаментінің бірнеше басшысы қызметінен босатылды.

22 маусым күні сот Әл-Фарабидегі апат бойынша сот үкімі шықты. Сот шешімімен адам өліміне әкелген жол апатына қатысты іс бойынша Zeekr жүргізушісі Александр Пак 10 жылға бас бостандығынан айырылды.

Дана Русланқызы
Дүйсенбі, 28 Қыркүйек, 2026 20:02