Астанада бес баланың анасы жатыр обырының асқынуына дәрігерлерді кінәлады
Астанада 39 жастағы бес баланың анасы бірнеше жыл бойы тапсырған талдауларында қауіпті өзгерістер анықталғанымен, дәрігерлер оған тиісті назар аудармағанын мәлімдеді. Кейін оған жатыр мойны обырының үшінші сатысы диагнозы қойылып, жатырын толық алып тастау ұсынылған. Әйел шетелде емделуге кететін шығынды емхананың өтеуін талап етіп, редакциямызға басынан өткен оқиғаны баяндап берді.
39 жастағы Назира (тұрғынның аты өзгертілген) қазір балаларының күтіміне байланысты үйде отырған ана. Жұбайы жеке компанияда матор майларын сатумен айналысады. Балаларының үлкені 14 жаста, кішісі 3 жаста. Көпбалалы ана осы ауыр дертке кенжесін босанғаннан кейін шалдыққанын баяндады.
“2020 жылы босандым. Сол кезде Астанадағы Бейбарыс Сұлтан 11 мекенжайында тұрдық. №13 емхана дәл үйіміздің астында орналасқан еді. Босанар алдында менінен цитологиялық анализ алды. Сол кездің өзінде-ақ анализім жақсы шықпай, жатыр мойыншасынан "ASCUS" және "High-SIL" дертінің белгілері анықталған екен. Мен денсаулығыма әрдайым жауапкершілікпен қараймын, салғырттық танытпаймын. Скрининг тегін жүргізіліп, шақырып жатқан соң жыл сайын барып тұрдым. Әсіресе әйелдерде мұндай ауру өте жылдам асқынып, 1–2 жылдың ішінде өмірді алып кетуі мүмкін екенін жақсы түсінетінмін”, – деді ол.
Әйел бұдан соң еш ем қабылдамаған. 2024 жылы тағы да талдаудан өткен.
“Бұл жолы да талдау нәтижесі қайтадан "High-SIL" (жасушалардың өте жоғары деңгейдегі зақымдануы) деп шықты. Анализ қорытындысы келгенін көріп отырмын, ал дәрігерлер үнсіз. Шыдай алмай, учаскелік дәрігерге: "Нәтижеме қараңызшы, анализімде ауытқу бар сияқты" деп жаздым. Олар бұл гинекологтың шаруасы деп ойлады ма, маған тұшымды жауап берген жоқ. Бес баланың қамымен, "еш жерім ауырып тұрған жоқ қой" деп мен де ары қарай жүре бердім”, – деп қосты ол.
“Дәрігерлер жатыр мен аналық бездерді түгел алып тастамақ”
2025 жылы Назира денсаулығының нашарлағанын байқаған. Ара-арасында қан кете бастағандықтан ол тағы да тексерістен өтпек болған.
“Бұл жолы да талдау нәтижесі "High-SIL" болып шықты. Негізінде, бекітілген медициналық хаттама бойынша, мұндай нәтиже шыққанда дәрігерлер маған дереу адам папилломасы вирусына (АПВ/ВПЧ) анализ жасап, онкологияға жолдама беруге міндетті болған. Бірақ олар қанша ма рет талдауларымның қорытындысын көрсе де бұл әрекеттердің бірін де жасамады. Олар шамамен бір айдан соң ультрадыбыстық зерттеу (УЗИ) жасап, "қанның кетуі эндометриоздан" деп шығарып салды. Ешқандай ем тағайындаған да, соңымнан іздеген де жоқ. Сосын өзім "эндометриоз бауыр ауруынан немесе гормон бұзылысынан болады" деп естіген соң, өз бетімше ізденіп, бауырымды емдеп жүрдім”, – деп қосты ол.
Назира өзінің дертінің асқынғанын Астананың сол жағалауына көшіп, тіркеуін "Green Clinic" емханасына өзгерткен кезде бір-ақ түсінген.
“Қараша айында қан кетіп, жедел жәрдеммен ауруханаға түстім. Ондағы дәрігерлер жағдайымды көре сала, шұғыл түрде онкогинекологтың кеңесі керек екенін айтты. "Green Clinic" желтоқсанда бірден жолдама беріп, қаңтарда Манасова есімді онкогинекологтың қабылдауына түстім. Ол маған жатыр мойыншасы обырының 2-ші сатысы деген диагноз қойды. Ал көктемде Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықтағылар: "Ауру асқынып кеткен, сізде 3-ші саты. Ағзадағы жатыр мен аналық бездерін түгелдей алып тастау керек" – деді. Мұны естігенде төбемнен жай түскендей болды. Жыл сайын онкоцитология тапсырып жүргенде, бірде-бір дәрігердің "онкологиялық орталыққа барыңыз" деп айтпағаны ішімді күйдірді. Сонда олар дерттің алдын алуға болатын қаншама уақытымды ұрлады”, – деп киіді ол.
“Емхана ауруым туралы картама жалған ақпарат енгізген”
Астаналық әйел оқиғадан соң "Аспан" емханасының үстінен сотқа және Фармбақылау комитетіне арыз жазған. Алайда айтуынша емхана басшылығы 2025 жылдың жазында ол гинеколог жұмыстан босатылғанын айтып жағдайдан сытылып шығуға тырысқан.
“Тіпті заңсыз әрекеттерге де барып отыр. Тексеріс басталғанын білген соң, электронды медициналық картама бұрынғы күнмен жасырын түрде жазба енгізген. Онда: "2025 жылдың наурызында науқасқа онкологқа бару керектігі айтылды" деп өтірік жазып қойыпты. Егер шынымен айтылса, баяғыда-ақ барар едім ғой. Тек өздерін ақтап алу үшін деректерді бұрмалап отыр”, – деп қосты ол.
Назира сонымен қатар жемқорлық фактілерін байқағанын да алға тартты.
“Олар скрининг жасау арқылы бюджеттің миллиондаған қаржысын игереді. Бірақ нәтижесінде қауіпті дерт анықталған науқастармен ары қарай ешкім жұмыс істемейді. Фармбақылау комитеті де тек дәрігерлерді қорғап, қорытындыда "бұйрықты оқып үйрену ұсынылады" деген сияқты жеңіл-желпі сөздермен құтылды. Қарапайым науқастың құқығын ешкім қорғап жатқан жоқ. Емханаға айыппұл салып, емнің шығынын соларға жүктеу керек еді. ”, – деді әйел.

“Емге 50 миллион теңге қажет: Емханадан талап етімін”
Назира осы тұста өз денаулығы үшін қатты алаңдайтынын алға тартты.
“Танысым 3-ші сатыдағы обадан 1 жылдың ішінде көз жұмған еді. Қазір жағдайым сәл де болса тұрақталды, ем алып жатырмын. Бұған дейін үнемі қан кетіп, гемоглобинім түсіп, әлсіздік болды. Ағзаңды түгелдей сылып тастайтынын және химия терапиясын алу керектігін естігенде қатты күйзеліске түстім. Ал менің жасым небәрі 39-да ғой! Шілде айында отаға шақырған еді, бірақ мен бұған дайын емеспін. Дәрігерлер ауруды асқындырып алды”, – деп күйінді ол.
Астаналық қазір шетелде емделуге үмітті. Дегенмен оған қомақты қаражат керек екен.
“Шетелде химия терапиясы арқылы болса да ағзаны аман алып қалуға мүмкіндік бар деп естідім. Ол үшін 50 миллион теңгедей қаражат керек екен. Сол себепті "Аспан" емханасы жіберген қателігі мен салғырттығы үшін осы емделу ақшасын өтеп берсін деп талап етемін. Мен ақырына дейін барамын, депутаттардың қабылдауына кіремін”, – деп қорытты ол.
Stan.kz редакциясы оқиғаға байланысты "Аспан" емханасынан пікір сұрап көрді.
“Тиісті тексеру жұмыстары жүргізілді, пациентке жауабын құзырлы органдар берген болу керек”, – деп қысқа жауап берді.
Желіде Ақмарал Әлназаров бұл оқиғаны өз бақылауына алатынын жеткізді.
Таразда жүкті әйелді жаяу жүргіншілер өткелінде көлік қағып кеткен: Ол сараптама жасалғанына жүргізілмегеніне шағымданды