Тоқаевтың сөзінен кейін Астанада граффитилерді бояп тастады
Астананың Сарайшық ауданында “Нұрлы жол” теміржол вокзалы маңындағы қоғамдық орындар заңсыз салынған граффитиден тазартылды. Жұмысқа аудан әкімдігі, полиция қызметкерлері, қоғам белсенділері мен еріктілер қатысты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Іс-шара “Таза Қазақстан” және “Заң мен тәртіп” акциялары аясында ұйымдастырылған.
Қабырғадағы жазулар жойылды
Сарайшық ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Айдар Айтпайұлының айтуынша, әкімдік пен полиция өкілдері, белсенділер және жастар мұндай жұмыстарды апта сайын өткізеді.
“Қабырғаларда жазулар, мүлікке зақым келтіру немесе есірткіге қатысты белгілер байқалса, бұл туралы полицияға хабарлап, оларды өшіру және бүлінген нысандарды қалпына келтіру жұмыстарын бастаймыз. Сарайшық – елордадағы жаңа аудан болғандықтан, мұндай жағдайлар жиі кездеспейді. Соған қарамастан, бұл жолы “Нұрлы жол” вокзалы маңындағы және “Тұрсын Астана 1” аумағындағы граффитилер тазартылып, қабырғалар мен бағандар қалпына келтірілді”, – деді ол.

Заңсыз граффити үшін қандай жаза бар?
Полиция өкілдері қоғамдық орындарға рұқсатсыз жазу мен сурет салу, мүлікті бүлдіру фактілеріне бақылау жүргізіп, құқық бұзушыларды анықтауға күш салып жатқанын айтты.
“Қоғамдық орындарды рұқсатсыз шимайлаушылар үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабы 4-бөлігімен (Ұсақ бұзақылық) 50 АЕК көлемінде айыппұл немесе әкімшілік қамау қарастырылған. Оның наркограффити деген түрі де бар. Бұл жағдайда тергеу амалдары жүріп, қылмыстық жауапкершілік көзделеді. Вандализмге де әкімшілік жауапкершілік көзделген. Қоғамда аялдамаларды бұзу, орындықтарды сындыру сияқты құқық бұзушылықтар жиі кездеседі”, – дейді Сарайшық ауданы полиция басқармасының қоғамдық қауіпсіздік бөлімі бастығының орынбасары Дипломбек Балташев.
Айта кетейік, бұған дейін Тоқаев Астанадағы граффитиге қатысты қатаң шара қабылдауды тапсырғаны туралы жазған едік.
Ауған қараторғайлары торғайларды ығыстырып жатыр ма: Орнитолог құстар санының өзгеруіне не әсер ететінін айтты
