Түркістан облысында мұғалімдер мектеп директорын ақша жинап, қысым көрсетті деп айыптауда
Түркістан облысының Сарыағаш ауданында мектеп мұғалімдері директор тарапынан қысым көріп, мұғалімдер мен ата-аналардан түрлі себеппен ақша жиналатынын айтып шағымданды. Мектеп ұжымының үндеуінен кейін облыстық білім басқармасы жағдайды тексеру үшін арнайы комиссия жіберді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Төлеген Тәжібаев атындағы №67 мектептің ұжымы директордың әрекетіне қатысты бірқатар шағымын жариялады. Мұғалімдердің айтуынша, мектепте түрлі қажеттіліктерді сылтауратып, педагогтар мен оқушылардың ата-аналарынан бірнеше рет ақша жиналған. Бұдан бөлек, қызметкерлер басшылық тарапынан психологиялық қысым болғанын және кейбір мұғалімдерге қатысты қысым ретінде қабылдаған әрекеттер жасалғанын айтты. Сондай-ақ олар бірқатар бұйрықтың кейіннен, яғни тиісті уақытынан кейін рәсімделуі мүмкін екенін алға тартты.
“Бізде айтылған жайттарды растайтын банк аударымдары, WhatsApp-тағы хат алмасулардың скриншоттары, құжаттардың көшірмелері және басқа да материалдар бар. Біздің мақсатымыз – біреуді алдын ала кінәлі деп тану емес, заң талаптарының сақталуын қамтамасыз етіп, айтылған фактілерге тәуелсіз құқықтық баға беру. Қаржылық жағдайға жан-жақты аудит жүргізіп, құжаттар мен бұйрықтардың, қызметтік шешімдердің заңдылығын тексеруді және еңбек құқықтарының бұзылуына құқықтық баға беруді сұраймыз. Мұғалім өз құқығы үшін күресумен емес, сабақ беріп, оқушыларының болашағымен айналысуы керек”, – деді мектеп ұжымы өкілдері.

Ал педагогтардың шағымына Түркістан облысының білім басқармасы жауап берді. Ведомство мектептегі жағдайды тексеру үшін Сарыағаш ауданына арнайы комиссия жіберген.
“Қазіргі уақытта көтерілген мәселелер белгіленген тәртіппен зерделеніп жатыр. Барлық мән-жайды жан-жақты әрі объективті анықтау үшін комиссия құрылып, тиісті жұмыс ұйымдастырылды. Тексеру барысында барлық тараптың ұстанымы ескеріліп, қолда бар құжаттар зерттеледі”, – деп хабарлады ведомство.
Комиссия тексеруін аяқтағаннан кейін мектеп ұжымына ресми жауап берілетінін жеткізді.
"Домбыра – харам, Наурызды тойлауға болмайды": Қоғамды дүрліктірген діни уағыздар және оған ҚМДБ не дейді