"Құлдықта болуы мүмкін": Жетісу облысында далада адасып кеткен малшы қарияның видеосы жұртты алаңдатты
Желіде Жетісу облысындағы далада адасып кеткен малшы қарияның видеосы тарады. Оны жергілікті азамат тауып алып тамақтандырып, үйінде қондырған. Қазақстандықтар қарияның сырт келбетіне қарап, құлдыққа түскен деп болжам айтып, оның қауіпсіздігіне алаңдауда. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Желіде тараған видеода азамат қариядан кім, қай жерден екенін сұраған.
“Қай жердің азаматсың? Мидай далада түнгі сағат 3-те не істеп жүрсің?”, – деп сұраған.
Абай есімді қария Көксу станциясының аймағында мал суарып жүріп адасқанын айтқан. Видео кадрларында оның әбден тоңып қалғаны байқалады. Кейін оны қожайыны тауып, алып кеткені туралы да видео тарады.
@aza_brat85 ♬ оригинальный звук - 🇰🇿Аза.брат 1985🇰🇿
Дегенмен қарияның бұл видеосы қазақстандықтарды алаңдатуда. Олар қарияның сырт келбетіне қарап құлдықта ұстауы мүмкін деп топшылады.
"Видео 2 күн бұрын салынған. Сонда ешкім ештеңе демей отыра бере ме? Адам деген бірінші полицияға хабар беруі керек қой. Түнде адамды тапса, не жағдай болды, қашатындай? Құр сол жерге апара салған. Келесі видеода "қожайыны" дейді. Қожайыны дейтіндей, ол оның құлы ма? Қазақстан зайырлы мемлекет, ешкім ешкімнің құлы емес. Атаның еңбегін жеп, құл қылып жібергені жаныма батты. Ата қай жерден қашты, сол жерге қайта апарып қойған", - деп жазды желі қолданушысы.
Жұртшылық оқиғаны қызу талқыға алды.
- "Жақсы қараса бұлай жүрмес еді. Үстінде жұқа киім күн суып қалды. Аптасына бір рет моншаға апарып, күнделікті ыстық тамағын беріп отырған адамға ұқсамайды";
- "Сырт келбеті күтімі жақсы, өз еркімен жүрген адамға мүлде сай келмейді";
- "Қайта жалғасын күтеміз. Жылы тамақ, жататын жылы орны, дұрыс киімі бар ма екен? Сол бағып отырған малына сай алып отырған айлығы бар ма? Есеп берсін";
- "Әбден қажығаны көрініп тұр. Соншама табын малды суару бір адамға қиын ғой. Мына сампылдап сөйлеп тұрған дұрыстап сұрамайды ма жағдайын";
- "Өзі құтыламын ба деп қашып шыққан жерінен қайта түсірдіма сонда? Рашидтің құлы шығар бұл кісі. Киімі мен жүнжіп кеткен түрінен-ақ көрініп тұр ғой қаша алмай жүргені", – деп жазды желі қолданушылары.
Редакциямыз оқиғаға байланысты Жетісу облысының полиция департаментінен қарияның жағдайы туралы пікір сұрады.
“Полиция қызметкерлері бейнежазбада түсіп қалған ер адамның кім екенін және оқиғаның мән-жайын анықтады. Ер адамның шаруа қожалығының жұмысшысы екені белгілі болды. 24 қыркүйекте ол ірі қара мал жаю үшін далаға шыққан. Қараңғы түскен кезде ер адам бағытынан жаңылып, шаруа қожалығы орналасқан жерге баратын жолды өз бетінше анықтай алмаған. Тексеру барысында кейін ер адамды басқа бір азамат тауып, оны шаруа қожалығының аумағына жеткізгені анықталды. Полиция бұл ақпаратты сол күні тексерді. Ер адамның құлдықта болғаны немесе күштеп ұсталғаны туралы мәліметтер расталмады. Қазіргі уақытта ер адам тұрғылықты жерінде. Полиция азаматтарды жеке қауіпсіздік шараларын сақтауға, әсіресе қараңғы уақытта далада жүрген кезде абай болуға шақырады”, – деді ведомсвто.
Полиция департаменті қарияның өмірі мен денсаулығына қауіп жоқ екенін алға тартты.
Еске салсақ, бұған дейін Ақтөбедегі жылқышының оқиғасы қазақстандықтардың талқысына түскен болатын. Ақтөбе облыстық апелляциялық соты өмір бойы жылқы баққан 60 жастағы Рахат Сәрсеновті түрмеден босатқаны туралы жазған едік. Қожалық иесінің арызынан кейін ол 100 жылқыны жымқырды деген айыппен 7 жылға сотталған. Жылқышының мойнына 30 миллион теңге шығын ілінген. Апелляциялық сотта ұсынылған қосымша дәлелдерден кейін бір ғана жылқының жоғалғаны анықталды. Бұл оқиға қоғамда резонанс тудырып, кәсіпкер, блогерлер жылқышыға қолдау көрсетті.
"Құлдықта болуы мүмкін": Жетісу облысында далада адасып кеткен малшы қарияның видеосы жұртты алаңдатты
