Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда енді роботакси жолаушы тасымалдап, Яндекс Лавка тапсырысын робот жеткізеді

Яндекс1

Yandex Qazaqstan Алматыда автономды көлік технологиясын дамытудағы келесі кезеңге — қаланың жоғары дәлдіктегі картасын жасауға кірісті. Арнайы жабдықталған автомобильдер қала көшелеріне шығып, жол инфрақұрылымы туралы дерек жинайды. Сонымен қатар Яндекс Лавка Алматыда тапсырыстарды автономды роботтармен жеткізе бастады. Әзірге роботтармен жеткізу қызметі Самал шағынауданында қолжетімді, кейін қызмет көрсету аумағы біртіндеп кеңейеді. 

Роботакси жобасы Қазақстандағы Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында жүзеге асырылып жатыр. Елде жаңа технологияларды пилоттық режимде іске қосу ережелері мен оларды қауіпсіз сынақтан өткізу тәсілдері айқындалған.

Автомобильдер лидарлар мен камералар секілді түрлі сенсор кешенімен жабдықталған. Қала көшелерімен жүрген кезде олар жол инфрақұрылымын, яғни жол таңбалары, бағдаршамдар, жол белгілері, қиылыстар және басқа да нысан туралы ақпарат жинайды. Осы деректер негізінде жол ортасының егжей-тегжейлі цифрлық моделі жасалады.

"Біз автономды автомобильдерді нақты қала жағдайында сынақтан өткізуге қажетті нормативтік жағдайды қалыптастырдық. Келесі қадам — тиісті технологиялық инфрақұрылым құру. Алматының жоғары дәлдіктегі картасын жасау — осы жұмыстың бір бөлігі. Жаңа технологиялардың Қазақстанда дамуына мүмкіндік бере отырып, оларды енгізудегі ең басты шартты, яғни адам қауіпсіздігін қамтамасыз етеміз. Сондықтан автономды көлік кезең-кезеңімен енгізіледі: технология нақты жағдайларда сыналып, нәтижелері сараланады және реттеу тетіктері жетілдіріліп отырады", – деді Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мадиев.

Жоғары дәлдіктегі карта – автономды көлік технологиясының негізгі элементтерінің бірі. Онда жол таңбалары, қиылыстар, жол белгілері және бағдар бойындағы басқа да нысан туралы мәліметтер қамтылады. Бұл деректер автономды автомобильдің қалада бағдар табуына көмектеседі. Сонымен қатар роботакси қозғалыс кезінде сенсорлар кешені арқылы айналасындағы жағдайды нақты уақыт режимінде талдайды.

Яндекс 4
"Алматы – күрделі әрі сан алуан көлік инфрақұрылымы бар еліміздегі ең ірі мегаполис. Қала үшін жаңа технологиялардың мүмкіндіктерін зерттеп, оларды қауіпсіз енгізуге жағдай жасау маңызды. Карто сызу үшін автомобильдердің қала көшелеріне шығуы қалалық ортаның ерекшеліктерін бағалауға және жобаның келесі кезеңдеріне қажетті технологиялық негізді дайындауға мүмкіндік береді", – деді Алматы қаласы Цифрландыру басқармасының басшысы Сәбит Нұрқанат.
"Жоғары дәлдіктегі картаны жасау – Алматыда автономды көлік технологиясын іске дайындаудың маңызды кезеңі. Қалалық орта үнемі өзгеріп отырады әрі алуан түрлі сипатқа ие: мәселен, қиылыстар, жол таңбалары, бағдаршамдар, жол белгілері секілді қозғалысты ұйымдастыру ерекшеліктері бар. Автономды автомобиль жолды дәл бағдарлау үшін осы деректерді жинап, жүйелейді. Қазір біздің автомобильдер қаланың картасын сызуымен айналысып жүр, ал жобаның келесі кезеңдері туралы кейінірек хабарлаймыз", – деп атап өтті Yandex Qazaqstan басшысы Тимур Шалекенов.

Компания өкілінің айтуынша, Алматы тұрғындары қала көшелерінен көріп жүрген автомобильдер қазір дерек жинаумен айналысад, яғни жолаушы тасымалдамайды. Әзірге санаулы роботакси карта сызу үшін жолға шығарылған. Алдағы уақытта қаладағы роботаксилер саны ондаған көлікке дейін жетуі мүмкін. Ал сапар құны әдеттегі “Комфорт” және “Комфорт плюс” санатындағы сапар бағасымен бірдей болады дейді.

Yandex Qazaqstan автономды көлік технологиясында бағдарламалық және аппараттық шешімдер кешенін қолданады. Лидарлар нысандарға дейінгі қашықтықты анықтап, айналадағы кеңістіктің үш өлшемді көрінісін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Камералар жол белгілерін, бағдаршам сигналдарын және басқа да визуалды нысандарды тануға көмектеседі, ал өзге сенсорлар қоршаған орта туралы ақпаратты толықтырады. Осы деректердің негізінде жүйе автомобильдің орналасқан жерін анықтайды, айналадағы басқа қозғалыс қатысушылары мен нысандарды таниды, жолдағы жағдайдың қалай өзгеретінін болжайды және әрі қарайғы қозғалыс траекториясын құрады

Яндекс Лавка тапсырыстарын роботпен жеткізу қызметі

Жуырда Астанада іске қосылған бұл қызмет енді Қазақстанның екінші қаласында қолжетімді. Жаңа жеткізу тәсілін Яндекс Go қолданбасынан таңдауға болады. Егер тапсырыс берушінің мекенжайы роботтар қызмет көрсететін аумаққа кірсе, тапсырысты рәсімдеу кезінде роботпен жеткізу опциясы шығады. Оның қозғалысын қолданбадағы картадан бақылауға болады. Робот межелі жерге жеткенде, пайдаланушыға хабарлама келеді. Осыдан кейін смартфон арқылы роботтың жүк бөлімін ашып, тапсырысты алып кетуге болады. Жеткізу орта есеппен 15-30 минутқа созылады.

Робот бағытты өздігінен құрып, қаланың жаяу жүргіншілерге арналған инфрақұрылымын қолданады. Бағдарлау үшін сенсорлар, жасанды интеллект және үш өлшемді карталар пайдаланылады. Олардың көмегімен робот айналадағы нысандарды анықтап, кедергілерді айналып өтеді, жаяу жүргіншілерге жол береді, белгіленген жылдамдық режимін сақтайды және қажет болған жағдайда қауіпсіз түрде тоқтайды.

Яндекс 2
"Жеткізуші роботтар – жасанды интеллект пен робототехника технологияларының әзірлеу кезеңінен күнделікті қолданысқа өтуінің бір мысалы. Астанадағы алғашқы тәжірибе автономды технологияларды қала инфрақұрылымына кіріктіру мүмкіндігін көрсетті. Енді жоба Алматыда жалғасып жатыр. Біздің міндетіміз – мұндай шешімдерді қауіпсіз енгізуге жағдай жасап, сәтті тәжірибені кейін кеңейту", – деді жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Ғиззат Байтұрсынов.

Ал Yandex Qazaqstan басшысының сөзінше, алғашқы кезеңде роботтар шектелген аумақта жұмыс істеп, бірте-бірте қолданыс аймағы кеңейеді. 

"Біз үшін автономды технологиялардың күнделікті міндеттерді шешіп, пайдаланушыларға түсінікті болғаны маңызды. Лавкадан тапсырыс жеткізу – соның жақсы мысалы: адам Яндекс Go арқылы әдеттегідей тапсырыс береді, ал оны робот жеткізеді. Мұндай жеткізу қызметін Астанада іске қосып, тәжірибе жинадық, енді Алматыда бастап отырмыз", – деді Yandex Qazaqstan басшысы Тимур Шалекенов.

Қалада қауіпсіз қозғалу үшін робот бірнеше түрлі датчикті қатар пайдаланады. Лидар айналадағы кеңістікті сканерлеп, тәуліктің қай мезгілі екеніне қарамастан, шамамен 100 метрге дейінгі қашықтықтағы нысандарды анықтауға мүмкіндік береді. Камералар жол белгілерін, бағдаршам сигналдарын және айналадағы кедергілерді тануға көмектеседі. Ал төрт ультрадыбыстық датчик жақын маңдағы нысандарды анықтайды. Алдынан кедергі шықса, робот жылдам тоқтай алады.

Барлық датчиктен алынған деректі роботтың борттық есептеу жүйесі өңдейді. Жасанды интеллект алгоритмдері өзгеріп отыратын жағдайды ескере отырып, қолайлы бағытты таңдауға, айналадағы ахуалды бағалауға және басқа нысандардың қозғалысын болжауға көмектеседі. Алты дөңгелектің арқасында робот биік жиектерден өтіп, бағдардың күрделі бөліктерін еңсере алады.

Назархан Уән
Сейсенбі, 29 Қыркүйек, 2026 16:31