Тоқаев Alatau City-ді неміс банктері мен қаржы компанияларын тартатын негізгі жоба деп атады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Германия арасында бірлескен қаржы платформасын құруды ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Президенттің ойынша, мұндай платформа Еуропаның және Германияның капиталын Қазақстан тарапының қоса қаржыландыру, кепілдік беру және бірге тәуекел ету тетіктерімен ұштастырар еді.
“Ал "Бәйтерек" холдингі мақсатты жобаларды құрылымдау жағын қамтамасыз етеді. Біз елімізде жұмыс істеп жатқан халықаралық қаржы ұйымдарының қатарында экспортты кредиттеумен және инвестицияны сақтандырумен шұғылданатын германиялық институттар да болғанын қалаймыз. Бұл ретте Қазақстанда қызметін бастаған Euler Hermes компаниясымен ынтымақтастыққа айрықша маңыз артамыз”, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент аса маңызды материалдар саласындағы ықпалдастыққа ерекше мән беру керегін атап өтті.
Сонымен қатар Тоқаев Қазақстан мен Германияның цифрлық инновация және жасанды интеллект саласында ынтымақтастық орнату ықтималдығы туралы айтты.
“Біз германиялық компанияларды өз әлеуетін деректер өңдеу орталығына, энергия тиімділігіне қатысты технологияларға, "бұлтты" инфрақұрылым" және киберқауіпсіздік салаларына жұмылдыруға шақырамыз. Тағы бір перспективті бағыт – қаржы технологиялары. Қазақстанда цифрлық қаржы экожүйесі жоғары деңгейде дамыған. Оның аясында әуелі ішкі нарыққа озық төлем жүйелері мен токенизация технологиясын ұсынып, кейін оны тұтас аймаққа таратуға болады”, – деді ол.
Президенттің пікірінше, Қазақстан экономикасына неміс қаржы секторын кеңінен тартатын ынтымақтастықтың маңызды бағыты – Alatau City қаласы.
“Орталық Азиядағы алғашқы "ақылды қала" әуел бастан цифрлық дәуірдің барлық талаптарын сақтай отырып жобаланды. Ол неміс капиталы мен Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерін тоғыстыратын көпір бола алады. Alatau City бүкіл Еуразиядағы таланттарды, технология мен бизнесті тартатын жаңа орталыққа айналатынына сенімдімін”, – деді мемлекет басшысы.
Тоқаев сөзін қорыта келе, Қазақстан мен Германия жоғары деңгейдегі саяси диалогқа арқа сүйеп, қаржы, технология және инвестиция салаларында анағұрлым тиімді серіктестікті жолға қоя алатынына назар аударды. Басты мақсат – жай ғана капитал ағынын арттыру емес, жаңа салалар мен өсім бағыттарын бірге қалыптастыру.

Ол Қазақстан тарапы алдағы уақытта да инвесторларға қолайлы әрі ережелері түсінікті ортаны қамтамасыз етіп, олардың құқықтарын қорғайтынын және стратегиялық маңызды жобаларға қолдау көрсете беретінін растады.
Еске салайық, Тоқаев Алатау қаласының Еуразиядағы технологиялық заманауи мегаполис болатынын айтқан еді.
“Алатау қаласы Smart City шешімдерінің, интеллектуалды көлік, цифрлық төлем жүйелерінің, сондай-ақ энергияны үнемдейтін нысандар мен озық телекоммуникация инфрақұрылымының негізгі алаңына айналуы керек. Сонымен қатар қала өңірдегі жетекші цифрлық қаржы орталықтарының бірі ретінде қызмет етуге тиіс”, – деді мемлекет басшысы.
Тоқаевтың айтуынша, осы мақсатта қазір цифрлық активтерді, "токендеу", блокчейн технологияларын және криптоиндустрияны дамытуға арналған заманауи құқықтық реттеу жүйесі қалыптастырылып жатыр.
Қызылордада дәрігерлер әйелге кесарь тілігін жасаған кезде қуығын тесіп алған: Ол бес ай бойы жөргек киіп жүр