"Ешкімнен қорықпай шешім шығаруы керек": Тоқаев Алатау қаласын дамытуға отандық кәсіпкерлер белсенді араласу керегін айтты

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алатау қаласын дамытуда отандық кәсіпкерлерге ерекше рөл жүктелетінін айтты. Мемлекет басшысының сөзінше, кәсіпкерлер сырттай бақылаушы болып қалмай, жаңа қаланың қалыптасуы мен дамуына белсенді араласуы қажет. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Президенттің сөзінше, отандық бизнес өкілдері қаланы дамытудың бел ортасында жүруі қажет.
“Маған бүгінде 50-ден астам инвестициялық жобадан тұратын пул жасақталғаны жөнінде мәлімдеді. Жалпы көлемі екі триллион теңгеге жуық қаржы құйылған бастамалар аясында 50 мыңнан аса жұмыс орны ашылады. Алдағы бір-екі жыл ішінде басым салаларға инвесторлар тартып, аталған портфельді кеңейте түсуіміз керек. Әсіресе, отандық бизнесті ынталандыруға баса назар аударылғаны жөн. Бизнес өкілдері сырттан бақылаушы болмай, қаланы дамытудың бел ортасында жүруі қажет”, – деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы Алатау қаласын салуда отандық кәсіпкерлердің белсенді болуы маңызды екенін айтты.
“Мұның маңызы зор. Өйткені, Шэньчжэнь секілді қалалардың тәжірибесі алғашқы онжылдықта шаһардың өркендеуіне жұмсалған инвестицияның басым бөлігін сыртқы емес, ішкі салымдар құрағанын көрсетіп отыр. Шэньчжэнь, Хайнань, Дубай, Сингапур сияқты қалалардың бәрінде мемлекет алғашқы инвестор ретінде базалық инфрақұрылым қалыптастырып берді. Осылайша, бизнесте тәуекел азайып, тиісті жағдай жасалатын орнықты инвестициялық цикл іске қосылды”, – деді Тоқаев.
Оған қоса президент Алатау қаласы құрылысының негізгі қағидалары жаңа Конституцияға енгізілгенін мәлімдеді.
“Бүгін біз Алатау қаласын дамыту бойынша өзекті мәселелерді талқылаймыз. Баршаңызға мәлім, мен осыдан екі жыл бұрын болашақ қаласы – Алатау шаһарын салу туралы шешім қабылдадым. Бұл жобаның тұтас еліміз үшін стратегиялық маңызы зор. Біз осы қалаға инвестиция тартып, оны бизнестің және инновацияның жаңа орталығы ретінде дамытатын болдық. Осы жерде өмір сүру, жұмыс істеу азаматтарымызға, әсіресе, өскелең ұрпаққа мол мүмкіндік бермек. Сондықтан Алатау қаласы құрылысының негізгі қағидалары жаңа Конституцияға енгізілді”, – деді президент.
Мемлекет басшысы “Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы” конституциялық заң қабылданғанын жеткізді.
“Осы тұста бірнеше маңызды мәселені пысықтап алуымыз керек. Алдымен, осы кезге дейін жүргізілген жұмыспен танысайық. Сонымен қатар жедел мәселелер мен ұзақ мерзімге арналған міндеттерге тоқталу қажет. Бір сөзбен, алдағы жұмыстың бағдарын айқындап алған жөн. Алатауды ресми түрде бірегей құқықтық мәртебесі бар "қарқынды дамитын қала" деп атауға болады”, – деді Тоқаев.
Тоқаев Алатау қаласында жұмыс істейтін кәсіпкерлердің құқықтары жан-жақты қорғалатынын жеткізді.
“Жалпы, Алатау қаласына қатысты кез келген мәселені жедел шешу үшін қажет жағдай жасалып жатыр. Қазірдің өзінде қаланың сапалы дамуына жол ашатын құқықтық негіз толық қалыптасты деп айтуға болады. Соның аясында салық жеңілдіктері ұсынылды, бақылау және реттеу тетіктері де бизнес жүргізу үшін оңтайлы бола түсті. Бұдан бөлек, осы қалада жұмыс істейтін кәсіпкерлердің құқықтары жан-жақты қорғалады,. Сонымен қатар цифрлық активтерді дамыту үшін қолайлы жағдай жасалады. Сондықтан бүгінде Алатауды ресми түрде бірегей құқықтық мәртебесі бар "қарқынды дамитын қала" деп атауға болады”, – деді президент.
“Alatau city жобасына зор үміт артып отырмыз”
Мемлекет басшысы қала құру тақырыбына байыппен қарап шешім шығарғанын айтты.
“Өздеріңіз де білесіздер, жаңа қала салу туралы шешім экономикамызда күрделі жағдай болған кезде қабылданды. Бірақ біз бұл мәселеге байыппен қарадық. Асығыстыққа жол берген жоқпыз. Alatau city жобасы – шын мәнінде, жан-жақты зерделенді, пысықталды деп айтуға болады”, – деді Тоқаев.
Оған қоса президент қаланы салу үшін әлемдік тәжірибеге де зер салу керек дейді.
“Жалпы, әлемдік тәжірибеге қарайтын болсақ, дәл осы болашақ қалаларын салу арқылы ел дамуын жаңа сапалық деңгейге көтеруге зор мүмкіндік туады. Мысалы, Дубай, Шэньчжэнь, Инчхон, тағы да бірқатар қаланың сәтті жобалар екені баршаға мәлім. Сол себепті біз де Alatau city жобасына зор үміт артып отырмыз. Бұл істе ең алдымен құқықтық сұрақтарды, жер және инфрақұрылым мәселелерін шешу қажет”, – деді президент.
Тоқаев бастаманы іске асырудың бастапқы кезеңінде бірқатар негізгі бағытқа баса мән беру керегін айтты.
“Alatau Қазақстандағы алғашқы толық цифрлық қала болады”
Президент Alatau City жобасын іске асыру үшін ұзақмерзімді қаржы-экономикалық модель әзірлеу қажет екенін айтты.
Мемлекет басшысының сөзінше, жаңа қаланы дамыту айтарлықтай қаржылық және операциялық шығындарды талап етеді. Сондықтан тұрақты табыс көздерін қалыптастырып, болашақ шығындарды жабуға мүмкіндік беретін тиімді экономикалық жүйе құру маңызды.
“Инвестиция тарту мен бизнесті дамыту басты бағыттардың бірі болғанымен, олар кепілдендірілген табыс көзі емес. Сонымен қатар бастапқы кезеңде қарастырылған жеңілдіктер салық түсімдерінің азаюына әсер етуі мүмкін. Осыған байланысты Алатауды дамыту жөніндегі кеңес пен қала әкімдігі ұзақмерзімді орнықты дамудың қаржы-экономикалық моделін әзірлеу керек. Оған қоса қаланың алдағы 10, 20 және 30 жылдағы даму бағытын айқындайтын стратегиялық құжаттарды бекітеу қажет”, – деді Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, Alatau City үлкен деректерге, озық технологияларға және “ақылды” басқару жүйелеріне негізделген алғашқы толық цифрлық қала болуы тиіс.
“Инфрақұрылым, қалалық сервистер мен экономика өзара ықпалдасқан толық цифрлық қала құру біздің басты бағдарымыз. Келесі жылдан бастап қаланы дамыту жұмыстарына белсенді кірісу үшін ұзақмерзімді жоспар, кешенді бағдарлама және даму стратегиясы сияқты негізгі құжаттарды биыл жылдың соңына дейін қабылдау қажет”, – деді Тоқаев.
“Лауазымды тұлғалар ешкімнен қорықпауы керек”
Сонымен қатар мемлекет басшысы инвесторларға барынша қолайлы жағдай жасау керегін жеткізді. Оларға жоғары деңгейде қызмет көрсету маңызды міндеттердің бірі екенін ерекше атап өтті.
“Жаңа қалада халықаралық стандарттар сақталып, бизнеске жоғары деңгейде қызмет көрсетілуі тиіс. Ұлттық заңнамада қарастырылмаған мәселелер бойынша әлемдік озық тәжірибені қолдану маңызды. Тиісті лауазымды тұлғалар ешкімнен қорықпай, батыл шешімдер қабылдауы керек. Бұл өтініш немесе кеңес емес, нақты тапсырма”, – деді Президент.
Тоқаев арнайы құқықтық мәртебесі бар қалалар жаһандық капиталды тартуда белсенді әрекет ету арқылы алдыңғы қатарға шығатынын айтты.
“Шетелдік инвестицияларды қорғау, инвесторларға “бір терезе” қағидаты бойынша қызмет көрсету, келісімдердің ашықтығын қамтамасыз ету және мемлекет кепілдіктерінің сақталуы кезек күттірмейтін міндеттер. Alatau сity жобасының табысты болуы үшін инвесторлар көптеп тартылып, олар үшін тиімді экожүйе қалыптастырылуы қажет”, – деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы IT, өнеркәсіп, көлік және логистика, туризм, медицина мен білім беру салаларын қаланың негізгі даму бағыттары ретінде атады.
Қазақстандыққа Қытайда адам өліміне кінәлі деген айып тағылды: Күдіктінің өзі шабуыл жасағандардан қорғанғанын айтып отыр