Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Атырауда тегін операция үшін науқастардан миллиондар алған хирург сотталды

дәрігер
Фото: ChatGpt арқылы жасалды

Атырауда 42 науқастан операция үшін ақша алған хирургке қатысты сот үкімі шықты. Алайда бұл операциялардың шығынын міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (ОСМС) жүйесі арқылы мемлекет төлеген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Тергеу мәліметінше, 2023 жылдың сәуірінен 2025 жылдың наурызына дейін Атырау облыстық кардиология орталығының тамыр хирургиясы бөлімінің меңгерушісі жеке клиникаларда да жұмыс істеген. Осы уақыт аралығында ол варикозды тамырларды емдеу бойынша операциялар жасаған.

Алайда мұнда бір маңызды жайт болған.

Операциялардың ақысы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру есебінен төленгенімен, хирург науқастарға емделу үшін ақша төлеу керегін айтқан. Адамдар ақшаны тікелей дәрігердің өзіне аударған.

Екі жыл ішінде хирург науқастардан жалпы 8,88 миллион теңге алған. Ал осы пациенттердің емделуіне байланысты клиникаларға Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры тарапынан тағы 14,8 миллион теңге төленген.

Сотта хирург өз кінәсін мойындап, науқастарға ақшаларын қайтарған. Ол әрекетін қаржы қиындықтарымен түсіндірген.

Бір қызығы, дәрігердің кәсіби жұмысына қатысты көптеген пациенттің шағымы болмаған. Керісінше, операциялары сәтті өткендіктен, зардап шеккендердің бірқатары оған ешқандай талабы жоқ екенін мәлімдеген.

Сот хирургке үш жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Алайда рақымшылыққа байланысты жаза мерзімі екі жылға дейін қысқартылды.

Сонымен қатар оған медициналық қызметпен айналысуға тыйым салынбаған. Дәрігердің жеке клиника сайтындағы парақшасы әлі де қолжетімді. Онда оның 11 жылдық еңбек өтілі көрсетіліп, “Жазылу” батырмасы да тұр.

Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда 140 мыңға жуық азамат медициналық ұйымдарға өз келісімінсіз тіркеліп, олардың атына көрсетілмеген медициналық қызметтер рәсімделгені туралы жазған едік. Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, соның салдарынан әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына 3,5 миллиард теңгеден астам шығын келген.

Нұрила Жұмаділлә
Сейсенбі, 29 Қыркүйек, 2026 10:57