Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

МӘМС қаржысы төленіп тұрғанына қарамастан, атыраулық хирург 42 науқастан ақша алған

науқас пен дәрігер
Фото: magnific.com

Атыраудағы хирург МӘМС аясында тегін көрсетілетін варикоз операциялары үшін 42 науқастан 8 миллион теңгеден астам қаражат алған. Қылмыстық іс сотқа жіберілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Атырау облысында МӘМС аясында тегін жасалуға тиіс операциялар үшін пациенттерден ақша алды деген күдікпен хирург-дәрігердің ісі сотқа жіберілді.

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, Атырау облысы бойынша департамент алаяқтық және заңсыз материалдық сыйақы алу фактілері бойынша күдікке ілінген дәрігерге қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқтаған.

Тергеу нұсқасына сәйкес, күдікті 2023-2025 жылдары "Family Health Clinic" ЖШС мен "Ким В." ЖК клиникасында жұмыс істеп жүріп, пациенттерден варикоз ауруына жасалатын операциялардың МӘМС шеңберінде тегін көрсетілетінін жасырған. Ол көрсетілген қызмет үшін төлемді өзінің банктік шоттарына қабылдап отырған.

Сонымен қатар "DamuMed" жүйесіне пациенттерге тегін медициналық көмек көрсетілгені туралы мәліметтер енгізіліп, соның негізінде медициналық ұйымдар Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан қаржыландыру алған.

Осының салдарынан бір медициналық қызмет үшін төлем екі рет жүргізілген. Бірін МӘМС қоры төлесе, екіншісін пациенттер өз қалтасынан төлеген.

ҚМА мәліметінше, осылайша күдікті 42 пациенттен 8 миллион теңгеден астам қаражатты заңсыз иемденген. Ал сол қызметтер үшін медициналық ұйымдарға МӘМС қоры тарапынан тағы 14,8 миллион теңгеден астам қаржы аударылған.

Тергеу барысында дәрігердің қызметтік міндеттерін орындағаны үшін пациенттерден заңсыз ақшалай сыйақы алғаны да анықталған.
Күдіктіге қатысты елден кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Қылмыстық іс сотқа жолданды.

Еске салайық, бұған дейін Қарағанды облысында прокуратура тексерісі барысында ауруханалардың МӘМС аясында тегін көрсетілуі тиіс түсік жасату қызметі үшін әйелдерден заңсыз ақша алғаны анықталған еді. Кейінгі үш жылда қосарланған төлемнің 775 жағдайы тіркеліп, оның жалпы сомасы 22 млн теңгеге жеткен. Прокуратураның араласуынан кейін 218 әйелге 7 млн теңге қайтарылып, қалған қаражатты өтеу жұмыстары жалғасып жатыр.

Айым Атамбаева
Дүйсенбі, 13 Шілде, 2026 17:52