Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда күшті жер сілкінісі күтіле ме? Сейсмологтар жауап берді

Алматы жер сілкінісі
Фото: istockphoto.com

Елдің оңтүстік-шығысында бір күнде үш рет жер сілкінісі тіркелді. Мамандар жағдайды бағалап, болған жайтты "фондық сейсмикалық белсенділіктің көрінісі" деп атады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Дүйсенбі күні Алматыда екі рет жер сілкінісі сезілді. Алғашқы аса қатты байқалмаған дүмпулер таңғы сағат 6:30 шамасында болды. Арада үш сағат өткен соң әлдеқайда күшті дүмпу тіркелді.

Тұрғындар үйлерін, кеңселерін, оқу орындарын, дүкендер мен кофеханаларды асығыс тастап шыға бастады. Екінші дүмпуден кейін қалада бірден сиреналар қосылып, тұрғындардың телефондарына шұғыл ескерту хабарламалары келді.

Кейін жерасты дүмпулерінің күші төрт баллға дейін жеткен, ал эпицентрі Алматыдан небәрі сегіз шақырым жерде орналасқан. Қаскелең, Боралдай және Өтеген батыр елді мекендерінде де жер сілкінісі сезіліп, оның күші үш баллға дейін жетті.

“Алдымен аздап гуіл естілді. Содан кейін ғимарат төмен қарай шөгіп, қайта көтерілгендей болды. Қатты қорықтым”, “Бұл күтпеген жерден болды. Сағат 09:38-де болғанын естідім. Дүмпу өте қатты әрі күшті болды, тік бағытта сезілді. Білесіз бе, біреу есікті қатты тарс жапқандай әсер қалдырды”, – дейді қазақстандықтар.

Мамандар дереу өзен арналары, гидротехникалық нысандар, сондай-ақ опырылу және сел қаупі бар учаскелерді тексерді. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, ешқандай зақым анықталған жоқ.

Алайда түскі уақытта облыс тұрғындары тағы да жер сілкінісін сезінді. Бұл – бір тәулік ішіндегі үшінші дүмпу. Нарынқол мен Кегенде оның күші 2-3 балл болды.

Сейсмологтар жағдайдың алаңдататын себептері жоқ екенін айтып, елдің оңтүстік-шығыс бөлігі үшін мұндай құбылыстар қалыпты жағдай екенін түсіндірді. Сондықтан дүрбелеңге негіз жоқ.

“Бұл жер сілкінісін мамандар фондық сейсмикалық белсенділіктің көрінісі деп бағалап отыр. Алматы болжамдық полигонындағы қазіргі сейсмикалық жағдай тұрақты деп бағаланады. Комиссияның қазіргі бағалауынша, Алматы болжамдық полигоны аумағында күшті жер сілкінісі күтілмейді”, – дейді ТЖМ Ұлттық сейсмологиялық бақылау және болжам жасау орталығы директорының бірінші орынбасары Ерік Әліпұлы.

Сейсмологтардың түсіндіруінше, таудағы қар ерігеннен кейін су тектоникалық жарықтарға ағып, бұл процесс сейсмикалық кернеудің босауына әкеледі.

“Таудағы қар, әсіресе мұздықтар жазғы ыстықта жақсы еріді. Тау бір жағынан жеңілдегендей болады: салмақ азайып, кернеудің белгілі бір бөлігі босайды. Осылайша кернеу қайта бөлініп, нәтижесінде жер сілкінісі болуы мүмкін”, – сейсмолог Мұхтар Хайдаров.

Алматы 10 балдық сейсмикалық аймақта орналасқан. Қала радиусынан 80 шақырымға дейінгі аумақта жыл сайын 200-ге жуық әлсіз жер сілкінісі болады.

Мамандардың айтуынша, сезілетін жер сілкінісінің нақты қай күні және қай уақытта болатынын алдын ала болжау мүмкін емес. Сондықтан кез келген уақытта дайын болу маңызды.

Дүмпу кезінде дүрбелеңге берілмей, алғашқы толқындарды қауіпсіз жерде күтіп, кейін құжаттар мен қажетті заттар салынған төтенше жағдайға арналған сөмкені алып, сыртқа шығу керек.

Бұған дейін Алматы тұрғындарының ұялы телефондарына жер сілкінісіне байланысты ұлттық ескерту хабарламасы келген еді. Хабарламада тұрғындарға қосымша нұсқау берілгенге дейін ашық жерде болу сұралған. Ғимарат ішінде жүргендерге сабыр сақтап, жақындарына қай жерде екенін хабарлау ескертілді.

Айым Болатқызы
Сейсенбі, 29 Қыркүйек, 2026 10:33